Өрттен кейін алғаш рет журналистерді жинап, Алматыдағы президент резиденциясының ішін көрсетті

Қаңтар оқиғасы кезінде жанып кеткен Алматыдағы президент резиденциясын қалпына келтіруге болады. Қазір ғимаратты күл-қоқыстан тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен, тарихи нысанға келтірілген материалдық шығын көлемі әлі толық есептеліп біткен жоқ. Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы өрттен кейін алғаш рет журналистерді жинап резиденцияның ішін көрсетті.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Қаңтар оқиғасы кезінде қатты зардап шеккен Алматыдағы Президент резиденциясының бүгінгі келбеті осындай. Сау тамтығы қалмаған нысанда әлі күнге дейін күйіктің иісі қолқаны қабады. 23 мың шаршы метрлік нысанның аман қалған жерлері саусақпен санарлық. Дегенмен, жауаптылар бұл ғимаратты жыл соңына дейін бәз қалпына келтіреміз дейді.

Бесінші қаңтар күні бүлікшілер резиденцияның ішіне көлікпен басып кіріп, өртеп жіберген. Оттың қызуы 1000 градусқа жетіп, жоғарғы қабаттағы темір құрылымдар балқыған. Қазір мұнда Қазақстандық көп салалы қайта құру және даму институтының мамандары техникалық зерттеу жүргізіп жатыр. Институт сарапшылары көтеруші құрылымдарды нысанның қауіпсіздігі мен сейсмикалық беріктігіне зиян келтірмейтіндей етіп ауыстыруға болады деген тоқтамға келген. Бірақ жалпы шығыны әлі есептелмепті.

Бақыт Әбдіхалықова, ҚР Президенті іс басқармасының бас инспекторы:

- Келген шығынның алдын ала жоспарын білмейміз. Себебі жаңа өздеріңіз көрдіңіздер араларыңызда жүр КазМИИР компаниясы бірінші рет мынау ешқандай демонтаж жасамай тұрғанда бірінші рет тексеріс жасап шықты. Қазіргі күнде ол кісілер қай жерлерге демонтаж жасап, негізгі металлоконструкциясын ауыстыру керектігін айтып отыр. Бүгіннен бастап қайтадан тексеріс жүргізеді. Сосын соның нәтижесінде анықталады. 

Резиденция ішіндегі құнды заттардың көбі қолды болған. Қалғаны жанып кеткен. Жетінші қаңтар күні саперлер жұмылдырылып жарылғаш заттардың бар-жоғын тексереді. Қауіпсіз екеніне көз жеткен соң ғана жұмысшылардың кіруіне рұқсат етіледі.

Мәди Көбжанов, құрылыс компаниясының жоба жетекшісі:

- Нысанды тазалау жұмыстарына 200-ге жуық адам тартылған. Өртенген қалдықтарды шығарып, арнайы техникамен тасып жатырмыз. Біз 25 қаңтар күні жұмысты бастадық. Наурыздың соңына дейін тазалау жұмыстарын аяқтаймыз.

Нысанды қандай компания жөндейтіні ашық тендерден соң анықталады. Тарих және мәдениет ескерткіші саналатын резиденция ғимараты 1994 жылы пайдалануға берілген. Мұнда ресми мемлекеттік іс-шараларды өткізуге барлық жағдай бар. Қайта қалпына келтірілген соң да Президенттің резиденциясы қызметін атқара беретін болады.

Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев