Жаңаөзенде мұнайшылардың жалақысы 20% өсті

Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жалақысы 20 процентке өсті. Бұл туралы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Ақтауда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Негізі мұнайшылардың жалақысы биыл 1 қаңтардан бастап 10 процентке өскен. Енді соған тағы 20 процент қосылды. Бұдан әрі айлықты көтермейміз», - дейді басқарма басшысы.

Есіңізге сала кетейік, «Бұрғылау» серіктестігінің қызметкерлері өткен аптадан бері жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Компанияның ресми сайтында орташа жалақы 887 мың теңге деп көрсетілген. Ал жұмысшылар 400 мың теңгеден артық алмайтындарын айтқан. Серіктестікте 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 

Алик Айдарбаев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Ереуілге шыққан жұмыскерлердің басым бөлігі бұл ұсыныспен келісті. Бірақ кейбір жұмыскерлер мен кәсіподақ комитеттерінің жетекшілері жалақыны 40-50 процентке көтеруді талап етуін жалғастырып отыр. Бұл шешім бізге оңай тиген жоқ. Ендігі кезекте жалақыны осы жылға көтермейміз. Бұл соңғы шешім. Сондықтан мен әріптестерім - мұнайшылардан сұрайтыным, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сабырлыққа шақырамын. Әрі қарай жұмысымызды жалғастырайық.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қазір халықты жұмыспен қамту мәселесі басты назарда екенін айтты.

Айтуынша, өңірдегі барлық адамды мұнай саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Осы ретте шағын және орта бизнес нысандарда, мемлекеттік кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық беріледі. Жуырда «Өзенмұнайгаз» компаниясы 150 тұрғынды жұмысқа алады. Тағы 150 адамды сервистік мекемелер жұмыспен қамтымақ.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

- Жұмыссыздық мәселесін жою жөнінде қазіргі таңда жұмыспен қамту бағдарламасның аясында қоғамдық жұмыспен қамтумен жұмыс жасаймын, жастар практикасы, басқа да бағдарламалардың аясында мыңдаған адамдар жыл сайын өз жұмыс орындарын тауып, қызмет атқарып келе жатыр. Сол жұмысты біз үзбей жалғастырамыз, тұрақты бақылауымызда.