ШҚО-да тау арасындағы бұрылысы көп аумақтар мен көпірлердегі қар толық тазаланбайды

Шығыс Қазақстан облысында автокөлік жолдарын күтіп баптап ұстау мүлде талапқа сай келмейді.

Өз міндеттеріне немқұрайлы қараған 45 лауазымды тұлға мен бірнеше қала мен ауыл әкіміне айыппұл салынды. Аймақтағы жолдарда қарды уақытылы тазаламағандықтан көлік апаты да көбейген. Республикалық маңыздағы жолға «Қазавтожол» жауапты. Алайда бұл мекеме тау арасындағы бұрылысы көп қиын аумақтар мен көпірлердегі қарды толық тазаламайтыны анықталды. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мамандары алғашқы қар түскеннен бері апта сайын рейдке шығып, жағдайды үнемі бақылап келген. Нәтижесінде өңірдегі барлық бағыттағы жолдың жағдайы бірдей екені белгілі болды.

Асыл Әбілқасымов, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК зертханашысы:

- Жыл басынан бері біз республикалық маңызы бар автожолдарға 16 рет тексеруге шықтық. Осы тексерудің барысында 30 ақау анықталып, мердігерге 9 хат жіберілді. Жол қауіпсіздігіне әсер ететін ақаулар бойынша полиция 2 хат жіберілді. Сәйкесінше полиция департаментінен мердігер ұйымға ұйғарымдап берілді.