Қостанайлықтар су тасқынының алдын алуға қамданып жатыр

Өйткені «Қазгидромет» биыл Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарында көктемде су тасқыны болуы мүмкін деген болжам жасап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Топырақтың жоғарғы қабатын мұз басқандықтан, күрт еріген қар суы сай-саланы толтырып, өзен-көлдерге құйылады. Қазірдің өзінде өзен арналарының кейбір тұстарында ылғал мөлшері әдеттегіден біршама жоғары. Сондықтан тосын жағдайға барынша дайын болуымыз керек – дейді мамандар. Қостанай облысында көктем келе әбігер басталатын аймақтардың бірі – Жітіқара ауданы. Бұл аумақта Желқуар, Шортанды өзендерінің бойында үш су қоймасы бар. Ойпаңда орналасқан Двуреченский көлшігі де ерекше бақылауды қажет етеді. Мұндағы мамандар биыл Жітіқараның шет жағындағы үйлерді және Забелов ауылын су басуы ықтимал деп отыр.

Нұрлан Айтмұхамбетов, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы:

– Жітіқараның ескі бөлігіндегі солтүстік жағалаудағы 133 үйге қызыл су жетуі мүмкін. Ол жерде 497 адам тұрады. Ал Забелов ауылында 71 үй және екі дүкен қауіпті аймақта тұр. Тұрғындардың саны 297.

Ауданда тосын жағдайдың алдын алу үшін дайындық жұмыстары басталып кеткен. Құтқарушылар құрал-жабдықтарын сайлап, техникасын қамдап, апат кезіндегі іс-әрекеттерін күнделікті пысықтайды.

Сәкен Әлімбаев, Жітіқара ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы міндетін атқарушы:

– Арнайы жасақ күнде кезекшілікке шығады. Үш адамнан тұратын топ жағдайды тәулік бойы бақылап отырады. Одан бөлек өрт сөндіру бөлімі толық дайындықта тұр. Дабыл қағылса, бір сағаттың ішінде бәрі жиналады.

Алаңдауға негіз жоқ емес. Ақпанның алғашқы жартысында өткен жылға қарағанда екі есеге жуық көп ылғал түскен. Әсіресе Әулиекөл, Қарабалық, Бейімбет Майлин, Қарасу аудандарында қар қалың.

Лариса Кузмина, «Қазгидромет» РМК ҚФ директоры:

– 2021 жылғы 15 ақпанда бізде қардың қалыңдығы 19 см болса, биыл 28 см-ге жетті. Тоғыз сантиметрге биік. Тиісінше ылғал мөлшері де көп. Егер былтыр бұл көрсеткіш 49 мм-ді құраса, қазір 56 мм. Тиісті нормадан біршама артық.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы наурыз айында да ылғал орташа денгейден жоғары болады. Қардың қалыңдығы бір жағынан көңілге қуаныш ұялатады. Себебі ұзақ жылдардан бері су тасымағандықтан облыстағы Қаратомар және Жоғарғы Тобыл деген екі ең ірі су қоймаларындағы қор ортайып қалған. Топырақ қабаты да құрғақ. Сондықтан биылғы ылғалдың молдығын ел ырыздығына балап отырғандар бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг