ШҚО тұрғыны 18 жыл дегенде Қазақстан азаматтығын алды

Шығысқазақстандық Мұрат Мұсатаев ақыры Қазақстан азаматы атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізге салсақ, біз осыдан бірер ай бұрын бір құжаттың соңынан жиырма жылға жуық уақыт жүгірген бұл азамат жайлы бейнематериал көрсеткен едік. Онда Мұрат Мұсатаевтың қанша табалдырықты тоздырып, жанталасса да азаматтық ала-алмай әбден әуреге түскені жайлы баяндағанбыз. Тек содан кейін ғана іс жүріп, тиісті мамандар қозғала бастаған.

Мұрат Мұсатаев қыркүйек айында бізден көмек сұрап, шағымын жеткізген еді. 2003 жылы Германиядан оралған ол содан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген. Онсыз да дімкәс адам, салдарынан не ауруханаға қарала алмай, не жұмысқа тұра алмаған. Тиісті анықтамаларын рет-ретімен әкелсе де, көші-қон полициясы «күнде ертеңмен» уәде беріп, шығарып салып отырған. Сөйтіп шарасыз халге түскен. Дегенмен осы материал эфирге шығысымен, салалық мамандар тез қимылдап іске кірісіпті. Сөйтіп оған бір-екі ай ішінде құжат дайын болды деген хабар жеткен.

Қазір Мұрат Мұсатаевтың көңілі күйі көтеріңкі. Өмірге деген көзқарасы басқаша. Өйткені Қазақстан азаматтығын алды, төлқұжаты қолында.Тіпті алғашқы зейнетақысын да алып үлгерді. Адамша ауруханаға барып,тіркеліп, тиісті ем домын қабылдап жүр. Егер бейнематериал шықпаса, әлі қанша жыл «құжат соңынан» жүрерімді кім білсін дейді ол.

Мұрат Мұсатаев, Көкпекті ауданының тұрғыны:

– Ешқашан болмас еді, әлі жүрер едім, тіпті  ала алмас едім, қолыма тимес еді.

Сонымен жоғарыдан шын пәрмен келіп еді 18 жылдық проблема 1-2 айдың ішінде шешіліп шыға келген.

Меруерт Кәрімова, М.Мұсатаевтың қызы:

– Мен таң қалдым қалай осы құжат жасалғанына, өйткені 18 жыл бойы біз нәтижесін көрген жоқпыз, Осы Хабар24 арнасының тілшілері келгеннен кейін, біздің жанайқаймызды тыңдап, біздің проблемамызды ашып, содан кейін ғана бізге көмектесті,1 ай ішінде ҚР азаматтығын алып, пенсиясын қолына алды.

Жергілікті көші-қон полициясы бір жапырақ құжатты неге сонша жырға айналдырғанын өздері де түсіндіре алмады. Ал жалпы өткен жылы облыста  ескі құжатпен жүрген жүздеген адам анықталыпты.

Нұрлан Жеңісханов, облыстық пд көші-қон полициясы басқармасы басшысының орынбасары:

– 249 адам өз  мәртебесін айқындап, ҚР азаматтығына жеке куәлігін алды.Олардың барлығының қолында осыдан 57 жыл бұрынғы үлгідегі  паспорттар ғана болған.

Сонымен қатар былтыр шет елден келген 329 адамға Қазақстан азаматтығы берілген.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов