Криминалистік қызмет, терроризмге қарсы жұмыс. Иісшіл иттердің көмегі көп

Павлодар облысындағы кинологиялық орталық еліміздегі үздіктердің қатарында. Мұнда қазір 28 ит бар. Әсіресе, белгиялық және неміс овчаркалары жарылғыш зат, есірткі, қару-жарақты немесе жоғалған адамды іздеуде тапсырманы мінсіз атқарады екен.

Қызметтік иттер есірткінің ондаған түрін ажырата білуі керек. Ол үшін күнделікті жаттығулар жүргізіледі. Боран есімді неміс овчаркасы қызметке жуырда келсе де, кәсібилігімен көзге түсті. Төрт аяқты инспектор – есірткі іздеудің шебері.

Дамир Бейсенбаев, инспектор-кинолог:

– Боран есірткі таратуға қатысты 20 қылмыстың бетін ізін суытпай ашқан. Марихуана сияқты заттарды анықтады. Итімді жарты жылдай жаттықтырдым. Кейін қызметке кірісті. Боранмен бірге оқу-жаттығу курстарына да барып жүрміз.

Мамандардың айтуынша, иттердің иіс сезу қабілеті адамдарға қарағанда мың есе артық. Сондықтан, есірткіге қатысты қылмыстардың бетін ашуда олардан артық көмекші табыла қоймас. Төбеттер екі айдан бір жылға дейінгі уақытта бұл істі толық меңгеру керек. Оқыту барысында есірткілердің иістендіргіштері пайдаланылады. Мәселен, бұл галлюциногенді саңырауқұлақтар, опий және героиннің иістендіргіштері. Әр ит есірткінің әр түрін ажырата білу керек.

Жылдамдық, иісшілдік пен қырағылық. Бұл қызметтік төбеттердің бойынан табылуы тиіс негізгі қасиеттер. Мамандардың айтуынша, белгиялық және неміс овчаркалары бұл жұмысты мінсіз атқарады. Павлодарлық кинологиялық орталықта 28 ит қызмет етеді. Арасында спаниель, лабрадор тұқымдары да бар.

Максим Тротсюк, аға инспектор-кинолог:

– Қылмыскерлерді, есірткіні, жарылғыш заттарды іздеу, криминалистік қызмет және терроризмге қарсы жұмыс. Иттер осы бағыттар бойынша жұмыс істейді. Мәселен, митинг кезінде төбеттер қауіпті қызмыскерлерді ұстады. Біздің иттердің барлығы осы бағыттарды меңгерген.

Кинологиялық қызметке күніне бестен астам шақырту түседі. Қоңыраулар есірткі, жарлығыш заттар, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуға қатысты. Бұл орталықтағы иттердің ең жасы – бірде. Сегіз жыл бойы қызмет атқарған ардагерлер де бар.

Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат