Отандық өндірушілер бір уыс бидайға зәру

Елімізде диірмен атаулы жаппай жабылып жатыр. Қазір тек 30 проценті жұмыс істеп тұр. Өйткені шикізат тапшы. Ал өсірілген бидай шетелге жөнелтіледі. Сұйық май өндіретін кәсіпорындар да тығырыққа тірелді. Отандық кәсіпкерлер дайын өнімді экспортқа шығара алмай әбігерге түсті. Арнамызға астық және күнбағыс майын өндірушілер қауымдастығы осылай деп шағымданды.

Осыдан 10 жыл бұрын «Қазақстан ұн өндіретін көшбасшы мемлекеттердің қатарына кірді» деп, шарқ ұрдық. Алайда қуанышымыз көп ұзамай су сепкендей басылды. Бүгінде елімізде 300-ге жуық кәсіпорын ұн өндіреді. Бірақ қазір оның жартысынан көбі тоқтап тұр. Өндірушілер отандық бидайға зәру. Алыпсатарлар біздегі шикізатты шетелге тасып тауысыпты. Бұл ұн илеп терлеген диріменшілердің жанайқайы. Мәселенің мән-жайын өздері айтсын.

Алмасбек Садырбаев, ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

- Бүгінгі күнде қыруар қаржыны құйып, нанның құнын түсіріп, бидайдың құнын түсіріп, біз сол арзан бидайды Өзбек, Ауғанға сатып жатырмыз. Олай жасауға болмайды. Біз сол арзан, бидай, ұн, нан қазақтың мемлекетінің ішінде болсын деп, сол үшін жасалып жатқан дүние. Әрине ішіміз күйеді бір 5-6 ғана ірі компания бар трейдерлар. Солардың лоббиі өте мықты. Солардың сөзі Үкіметке де өтеді. Солардың сөзі Парламентке де өтеді. Барлық Сенатта да отыр олар барлық жерде отыр. Солар алыпсатарлардың мүддесін қорғауда. Ауыл шаруашылығы министрлігі қауқарсыз.

Тағы бір дерек. Алыпсатарлар өзге елге апарып, біздің бидайдан ұн шығарып жатқан көрінеді. Шаруалардың жоғын жоқтап жүрген Алмасбек Садырбаев осыған өкпелі.

Алмасбек Садырбаев, ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

- Ол бидайды сол трейдерлер Өзбекстанға, Тәжікстанға апарып, қазақтың диірмендерін сол жаққа апарып қойып сол жақта өңдеп жатыр. Бір ішім күйетіні кез келген мемлекет ол үй сияқты ғой. Үйінде үй ішін бала-шағаң тоқ болу керек. Бізде бүгінгі күнде нанның құны 50 теңге болу керек еді. Оның құны 100 теңге бізде үйімізде шаңырағымызда қорамыздағы малымыз аштан өлмеу керек еді. Малымыз аштан өліп отыр. Мұндай үй, мұндай шаңырақ, мұндай мемлекет жоқ.

Мұның кімге тиімді екенін анықтау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ресми хат жолдадық. Алайда мардымды жауап ала алмадық.

- Мукамольные предприятия говорят, что у них не хватает зерна по этому поводу что можете сказать?

- Я к этому вопросу не готовился.

Осылай кібіртіктеген министрлік өкілі артынан шикізаттың жеткілікті екенін айтып, өздеріне шаң жуытпады. Сөзіне дәлел ретінде статистиканы мысал етті.

Мейірман Жұмағұлов, ҚР АШМ департаментінің бас сарапшысы:

- Тәуелсіздік алғаннан бастап біз ішкі нарықты бидаймен толық қамтамасыз етіп келеміз. Қайта өңдеу саласына да шикізат қоры жеткілікті мөлшерде. Бұл ақпаратты бізге ұлттық статистика бюросы беріп отыр. Статистика дәлел бола алады.

Иә, статистикадағы көпірме сандарды Президенттің өзі сынаған еді. Алайда шаруаларды естуі керек министрлік олармен тілдесудің орнына қағаз жүзіндегі есепке сенетін көрінеді.

Шаруалар тығырыққа тірелді

Күнбағыс майын өндірушілердің де өкпесі қара қазандай. Бұған майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыттардың толық қуатта жұмыс істемеуі себеп. Қазір қоймалар күнбағыс майына лық толы. Ал ішкі нарыққа мұншалықты көп өнім қажет емес. Сыртқа жөнелтейін десе, сатуға санаулы ғана квота берілген. Қымбатшылыққа жол бермес үшін министрлік тиісті шара қабылдапты. Алайда мұның кері әсері тиіп отыр. Қоймаларда асып тасып жатқан, тазартылмаған сұйық майдың жарамдылық мерзімі 3 ай ғана. Егер жағдай реттелмесе, шығынды өтеу үшін кәсіпкерлер өнімнің құнын қымбаттатуға мәжбүр болады.

Ядыкар Ибрагимов, Майлы дақылдарды қайта өңдеу ұлттық қауымдастығының төрағасы:

- Президенттің тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін ұлттық даму жоспарына сәйкес, біз шикізаттық емес тауар экспортын 2 есеге арттыруымыз керек. Құс етінің өндірісі 524 мың тоннаға дейін жетуі қажет. Алайда біздің зауыттар толық қуаттылығының тек 30 процентіне ғана жұмыс істеп тұр. Демек, экспортты арттыру бойынша жүйелі жұмыс қолға алынбаған. Егер бұлай жалғаса берсе, 3 мыңнан астам адам жұмыссыз қалады. 

Майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыттар, құрамында ақуызы көп жем де шығарады. Ол құс пен малға азық болады. Егер кәсіпорындар тұралап қалса, жемді шетелден қымбат бағаға әкелуге мәжбүр боламыз. Салдарынан құс еті мен жұмыртқа, сүт өнімдері қымбаттайды, дейді мамандар. Осы мәселені де мнистрлік өкілінен сұрадық.

Мейірман Жұмағұлов, ҚР АШМ департаментінің бас сарапшысы:

- Бұл мәселе сіздер алдын ала жіберген сұрақтар тізімінде болмады. Сондықтан қиып тастайтын шығарсыздар. Иә, мен қазір дайын емеспін бұған жауап беруге. Мен мәселені білемін. Қазір талқылап жатырмыз. Бірақ БАҚ-қа тек баспасөз қызметкерлері арқылы қағаз жүзінде жауап береміз.

Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Субсидия көлемі қанша өссе де, ауыз толтырып айтатын өзгеріс жоқ» деп, Президент саланы өткір сынаған болатын. Шаруалар болса, қайта өңдеу саласын дамытуға дайын. Алайда бұған кесе көлденең шығып отырған түйткілдер қолбайлау. 

Назерке Әбдірахманқызы, Ербол Дайыров, Жандос Битабар