Төрт жылдан бері ауыз суға жарымай отырған ауылға су берілді – Алматы облысы

Апта басында Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Қаратал ауылына 4 жыл бұрын ауыз су құбыры тартылғанымен, аталған елді мекеннің әлі күнге тіршілік нәрімен қамтылмағанын көрсеткен едік. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 144 миллион теңге бөлініп, игерілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазына қаржысы желге ұшты» деп дабыл қаққан тұрғындар Хабар 24 арнасы тілшілері түсірген сол сын материалдан кейін ауылдағы үйлерге ауыз су беріле бастады деген сүйінші хабарды жеткізді. Аудандық әкімдіктегілер үш күннің ішінде Қаратал ауылындағы 25 үйдің орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғанын айтты. Таза су бұған дейін бастауыш мектепке ғана беріліп келген еді. Жуық арада Қараталдағы барлық үйлер сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Зауатжан Мұқашұлы, ауыл тұрғыны:

– Өзіміз осы жерде жерге колонка қағу арқылы 6 метрлік судан су ішіп отырғанбыз. Жылына мотор алып, оның күшіне жылда шығындалып отыратынбыз. Өздерінің мастерлерін алып келіп, жалғап, бәрін дайындап берді. Енді анау 6 метрдегі су мен 80 метрдегі судың парқы ойлаған адамға қаншалықты сапалы екені өзі де белгілі ғой енді.

Айгүл Айманбекова, аудан әкімінің баспасөз хатшысы:

– Қаратал ауылында орталықтандырылған ауыз су жүйесіне бүгінгі күнге 25 үй қосылды. Наурыз айының соңына дейін тағы 70 үйді қосу жоспарымызда бар. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрғындар қазіргі кезде өтінімдерін беріп, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне біртіндеп қосылып жатыр.