ШҚО-да ауыл тұрғындары таза судан таршылық көріп отыр 

Шығыстағы Белоусовка ауылында ауыз су жүйесі екі жыл бұрын жаңғыртылған. Бірақ игілігін ел көре алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені көпқабатты үйдің жоғарғы қабатына су көтерілмейді. Тіршілік нәрі әлеуметтік нысандарға да жетпейді. Ирина Калачева зейнет жасына қарамастан су тасып ішуге мәжбүр. Өйткені құбырдағы су күніне бірнеше рет тоқтап қалады.

Ирина Калачёва, Белоусовка ауылының тұрғыны:

– Су болмай қалады. Мұндай жағдайлар жиі қайталанады. Тіпті біз үшін үйреншікті нәрсе болып кетті десем болады. Міне, асүйімізге су таситын құты жинап қойдық. Судың жоқтығанан техниканы пайдалана алмай отырмыз.

Аудандық әкімдіктегілер ауыз су жүйесі 2019 жылы кешенді жаңғыртудан өткізіліп оған 2 млрд теңге бөлінді, – деп есеп берген. Атқарылған жұмысты бағалаған ауыл тұрғындары қазына қаржысының мақсатты жұмсалғанына күмәнмен қарайды. Себебі үйлерді былай қойғанда әлеуметтік нысанда да су болмай қалады екен.

Виктор Леонтьев, Белоусовка ауылының тұрғыны:

– Менің артқы жағымда тұрған балабақшаға балаларым барады. Судың жоқтығынан немесе құбырдағы қысымының аздығынан мекемедегі сабақтың уақыты қысқартылды. Көпқабатты үйлердің де жоғарғы бөлігінде тұратындарға су жетпейді.

Ауылдағы ауыз су жүйесі толықтай ауыстырылмаған. Сондықтан кейбір ықшам ауданға су ескі құбырмен беріледі. Осы жолғы мәселенің туындауына сорғы станциясының істен шығуы себеп болған.

Мстислав Мартемьянов, «Теплоэнергия» МКК директоры:

– Жаңадан тартылған ауыз су құбырына бірінші кезекте су болмаған аудандар мен көшелер қосылды. Ол жерде бәрі істеп тұр. Енді аталған ықшам ауданды жаңа су жүйесіне жалғау жоспарланып отыр.

Жоспардың нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз. Әзірге әкімдік өкілдері ескі сорғыны ауыстырумен ғана шектеліп отыр.

Татьяна Селезнёва, Белоусовка ауылының әкімі:

– Су көлемін арттырып, қысымды көбейту үшін сорғы сатып алынды. Енді ауыстырылады. Былтыр сондай шешім қабылданған.

Қомақты қаржы жұмсалғанымен, 10 мың адам тұратын ауылдағы ауыз су проблемасы өзектілігін жойған жоқ. Қысқасы бұл мәселеге қатысты жауаптылардың жауабына қарағанда көпшіліктің көкейіндегі сауал көп болып тұр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий, Пыхтин