Атырауда 500 тонна шикізат өңдеуге қауқарлы кәсіпорын неге жабылды

Өңірдегі шаруалар жүн өткізетін жер таппай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сұраныс болмағаннан кейін шикізатты далаға тастайды. Шарасыз шаруалар қой қырқуға кететін шығынды да жаба алмайды. Облыс орталығындағы жүн өңдейтін кәсіпорын да жұмысын тоқтатқан.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Қызылқоға ауданындағы шаруа қожалықтарының біріне тиесілі мына ғимаратта қазір 10 тоннадан астам қой жүні жатыр. Тапсырыс берушіге табылмағаннан кейін шаруалар бұл жүнді өткізе алмай отыр. Ал осылай жата берсе, кейін күйе түсіп, тіпті пайдаға аспай қалады.

Тіршілігі төрт-түлікке байланған Қызылқоға ауданының шаруалары 4-5 жылдан бері осы мәселені көтеріп жүр. Жылдар бойы жиналған жүн кәдеге жарамай жатыр. Өртеуге тағы қимайды. Өткізейін десе , ешкім алмайды. 

Дәурен Қамиев, Қызылқоға ауданының тұрғыны:

– Жүннің өтпей тұрғанына 4-5 жылдай уақыт болды. Жиналып тұрған жүн осы. Бұл тұра-тұра сапасы кете бастайды. Бұрын 4-5 жыл бұрын Орал жақтан клиенттер болды алып кетіп жүрген. Қазір сұраныс жоқ. 10 тоннадай жүн жиналып тұр.

Құрманбек Жаңабаев, Қызылқоға ауданының тұрғыны:

– Жүннің мәселесі өте өзекті болып тұр ғой. Қазір жүн өтпейді, 6-7 жылдың көлемінде болған болар. Қырқып алып, мусорға апарып өртейміз, кейде жолға құма төсеп жібереміз. Жолға төсеген экологияға зиянды болады. Шашылады ғой. Өзекті мәселеге айналып тұр. Өткізетін жер табылса деймін.

Осыдан 5 жыл бұрын облыс орталығында 2 млрд 400 млн теңгеге жүн өңдейтін кәсіпорын салынған еді. Қазір қарызға батқан мекеме шаруалардың пайдасына жарамады. Екі жыл болды, жұмысы тұралап қалды. Жыл сайын 500 тонна шикізат өңдеуге қауқарлы деп салынған кәсіпорын жоспардың жартысын да орындай алмады. Мекеме басшылығы шикізат тапшы екен. Оған қоса еділбай қойының жүнін мұндағы құрылғылар өңдей алмайды екен.

Нұрлыбек Заитов, жүн өңдейтін кәсіпорын басшысының орынбасары:

Атыраудағы қойлардың көбі Еділбайский деп айтылады. Оның қылшығы көп. Біздің станоктарға ол өте тиімсіз. Екіншіден, станоктарда уақ-уақ тістері бар ғой. Соны сындырып, үзіп тастай береді. Одан шыққан жіптен, одеяло емес, киіз сияқты шығады, қап қатты болып. Сол үшін еділбайды алмаймыз.

Жүн өңдейтін кәсіпорынның шаруасы шатқаяқтап тұр. Жүнін өткізе алмаған шаруалардың да жағдайы мәз емес. Ал бұл күрмеулі мәселенінің қашан шешілері белгісіз.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандсо Рахметуллин