Маңғыстау облысында қалдық қоймасын залалсыздандыру жұмыстары қайта жанданды

«Қошқар ата» улы қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмысы қайта жанданды. Биыл қазынадан 3 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин өңірге сапары кезінде жұмыс барысымен танысты. Кезінде 105 млн тонна радиоактивті қалдық көмілген қойма маңындағы елді мекендерде 400 мыңнан астам халық тұрады. Былтыр 266 гектар аумақты рекультивациялауға қазынадан 1 млрд теңге қаралып, кейін аяқсыз қалды. Экология министрлігіне жолданған депутаттық сауал нәтижесінде бұл жұмыс толық орындалған.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Экология комитеті осыған мұрындық болып, ақша бөлінді. Содан кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің қағаз түсіп, жұмысты тоқтатып тастаған. Барлық құжаттармен танысып, бұл жұмыстардың қайтадан басталуына жұмыстандық. Биылға бюджетке 3 млрд-қа жуық ақша қаралған. Соны да игереміз деп отыр артығымен. Біз шамамыз келгенше тағы да үстіне бюджет нақтыланған кезде қаржы сұрауға жұмыстанамыз. 3 млрд-тан да артық беріп жатса, себебі мына жұмысты тезірек бітіруіміз керек.

Қуандық Оразғалиев, мердігер мекеме жетекшісі:

– Биылға жұмысты бастадық. 3 млрд ақшамыз шамамен 800-900 гектар жерге жету керек. Жұмыс процесі – жергілікті грунт. Сосын бульдозер-погрущиктермен жоба бойынша 30 см қалыңдықта жаю. Одан кейін үстіне су төгіліп, катокпен тығыздалады. Бүгінгі таңда 30-ға жуық спецтехника жұмыс жасап жатыр және де 40 шақты адам бар.