Коронавирусқа қатысты бизнес пен тұрғындар үшін шектеу шараларын жеңілдету туралы шешім шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Қызыл» аймақтағы кәсіпкерлік нысандары 70%-ке дейін келушілерді қабылдай алады. Бірақ ол үшін азаматтардың «жасыл» және «көк» мәртебесі болуы тиіс. Көрмелер мен спорт шаралары және салтанатты отбасылық кештер, конференциялар, форумдар, құлшылық ету және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шаралар өткізуге шектеу алынды. Балалардың ойын-сауық орталықтары, лотерея клубтары мен букмекерлік кеңселердің толымдылығына қатысты шектеулер де күшін жойды. Ал ревакцинациядан өткен немесе коронавирусқа қарсы екпені толық алған Қазақстан азаматтары елге кірер кездегі міндетті ПТР-тестілеу тоқтатылады. Вакцинаның екінші компоненттін алғаннан кейін 6 айдан аспағандарға да осындай жеңілдік қарастырылған. Вакциналау паспорттарын өзара мойындайтын шетел азаматтарына ПТР-тестсіз елге кіруге рұқсат етіледі. Ауру белгілері болмаған жағдайда науқаспен байланыста болған адамдардың үйде оқшаулануы да міндетте емес. Қазақстаннан тыс жерлерде екпенің бірінші компонентін алған адамдарға вакциналау курсын аяқтауға рұқсат етіледі.Тиісті шаралар Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды.