Жамбыл облысында қасіретті қаңтар оқиғасы бойынша 157 қылмыстық іс қозғалды

10 іс терроризм актісіне қатысты, 2 іс адам өлтіру дерегі бойынша тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы 78 күдікті ұсталды. Бұл туралы құзырлы орган өкілдері мәлімдеді. Аймақ бойынша 200-ден астам қару тәркіленді. Бұл қаңтар оқиғасы кезінде жергілікті бұзақылар иеленген қарудың төрттен бірі. Қазір 600-ден астам суық қару бұзақылардың қолында қалып отыр. Бүлік кезінде 400-ден аса адам түрлі дене жарақатымен медициналық мекемелерге жүгінген. Шығын көлемі 150 млн теңгеден асты.

Нұрбек Ұласбекұлы, Жамбыл облысы прокурорының орынбасары:

– Біз ұсталған азаматтардың әлеуметтік портретін жасадық. 12 адам бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде аса ауыр қылмыс түрін жасағандар да бар. Ұйымдастырушылардың арасында аймақтағы ірі кәсіпкер де болған. Ол дауыс күшейткіш құралдың көмегімен облыс әкімдігі мен «Нұр Отанның» ғимаратына шабуыл жасау кезінде арнайы нұсқау беріп отырған. Көбіне жастарды пайдаланған.