Қостанайдағы автозауыттарда ашық есік күні өтті   

Бұл жолы «Сарыарқа-АвтоПром», «Агро-маш-Холдинг KZ» және «KЭМ -LИТKZ» кәсіпорындарының өндірісімен қоғам белсенділері, министрлік өкілдері және депутаттар танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көліктер тек дайын күйде жиналады деген теріс пікірлер дәнекерлеу, бояу және ұсақ торапты құрастыру цехтарында сейілді. Түрлі алып-қашпа әңгімелерге қарамастан, өндірістің толық желісі ұсынылды. Көліктің шанағын құрастыру үшін бұйымдардың 1,5 мыңдай нүктесін дәнекерлеу қажет. Өндіріс осы желіден бастау алады. Одан әрі тегістелген шанақ боялып, ұсақ торапты құрастырудан өтеді. Мың естігеннен бір көрген артық демекші мұның бәрі көпшілік назарына ұсынылды.

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

– Бізге осындай өндірістің аса қажеттігіне тағы көзім жетті. Қосалқы бөлшектерді дәнекерлеу, сынақтан өткізу, бояу жұмыстарын мыңдаған адам атқарады. Бұның бәрі оңай емес. Кәсіпорында нағыз еңбек адамдары жиналған. Соларға қолдау білдіруіміз маңызды.

«СарыарқаАвтопром» зауытынан күнделікті 200-дей көлік шығарылады. Қостанай автозауыты өнеркәсіптік өндірісте көшбасшылар қатарында. Былтыр отандық нарықтағы осы кәсіпорынның өнім үлесі 60 проценттен асты. Бұдан бөлек өңірде машина жасаудың жаңа кластері құрылады. Соның бір дәлелі – оқшаулау орталығы. Мұнда ауыл шаруашылығы техникасына арналған 2 мыңға жуық бөлшектер шығарылады.

Марат Қарабаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

– Халықтың арасында, қоғам белсенділерінің арасында тіпті сын болады. Ірі торапты құрастыру ғана басқа ештеңе емес деген. Жоқ. Кез келген мәселе бірінші кезеңде 2010 жылы бастағанда ірі торапты құрастыру болды. Өйткені бір заттан бастау қажет болды. Қостанай зауытын алдағы уақытта алсаңыз, терезені, дискіні тағы да пластикалық бөлшектерін өндіру жоспарланып отыр. Бұл алдағы 3-4 жылда жасалатын дүние.

Сонымен бірге облыста шойын құю және жүк көліктері үшін жетекші беріліс редукторлары шығарылады. Бұл мақсатта «KamLitKZ» индустриалды аймақта екі зауыттың құрылысын бастады. Өнімдер осы жерден «КАМАЗ-дың» бас конвейері орналасқан Набережные Челны қаласына жөнелтіледі. Кәсіпорындар мамандар даярлауға ертерек қамданған. Олар өз ішіндегі оқу орталықтарынан тыс кәсіби білім беру мекемелерімен де тығыз байланыс орнатқан. Әсіресе Қостанай автомобиль көлігі колледжінің кадр дайындау ісінде көмегі зор. Оқу ордасының техникалық жарақтандырылуы, дуалды оқытуы жергілікті зауыттардың қолдауымен жүзеге асырылады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мұндағы жабдықтардың дені өндірісте кездеседі. Модельдер болғанымен, бұлар нағыз қосалқы бөлшектер. Бұның бәрін зауыттағы шынайы өндірістің бір көрінісі деп тануға болады.

Автомобиль көлігі колледжінде «КАМАЗ» жобасы үшінші жыл жүзеге асып келеді. Мұнда 1300-ге тарта студент білім алады. Әлеуметтік әріптестік аясында олар өндірістік оқудан және машина жасау зауыттарында ақылы кәсіби тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров