Ауыл кәсіпкерлері жұмыс ұсынады

Маңғыстау облысында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, бизнес бастаған ауылдықтар жерлестерін жұмыспен қамтып жатыр. Былтыр Түпқараған ауданында грант ұтқан 55 тұрғын кәсібін дөңгелеткен. Соның бірі жеңіл көлік бөлшегін құрастыру цехын ашты. Жоба өңірде алғаш рет қолға алынған.

Мұндай цех Маңғыстауда әзірге жалғыз. Түпқараған ауданының тұрғыны шағын кәсіпорынды биыл іске қосты. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 5 млн теңге грант жеңіп алған. Көлік бамперін құрастыратын кәсіпорынға тапсырыс толассыз түсіп жатыр. Мұндағы 2 жұмысшы отандық әрі шетелдік машиналардың бөлшегін жасап жүр. Шикізат шетелден келеді.

Ақылбек Болатов, цех шебері:

– Оригинал машинаның бамперін алып, содан матрица-қалып жасаймыз. Сол қалыптан әрі қарай бамперлер шыға бастайды. Стекломат, смола деген заттардан шығады, құрастырылады. Олар Ресейден келеді. Ресейге Финляндиядан келеді. Тапсырыс бар. Күніне 3-4, тіпті 10 тапсырысқа дейін барған уақыт болды.

Ауыл кәсіпкерлері мемлекеттен қаржылай қолдау алып қана қоймай, өңірлік бағдарламаның да шарапатын көріп отыр. Солардың бірі - Тәжіхан Ізтұрова. Тәжірибелі дәрігер зейнетке шыққасын, бизнеске бет бұрған. Ақшұқыр ауылында емхана тұрғызып, 23 адамды жұмысқа алыпты.

Тәжіхан Ізтұрова, кәсіпкер:

– Өз күшіммен бастадым. Содан кейін 1 проценттік кредит алып, осыны үлкейтіп салдым. Керекті құрал-жабдықтардың бәрі заманауи түгел қамтылған. Ең соңғы алып жатырғаным - осы рентген аппараты. Халықтың алды келіп сұрап, қашан қосасыз, қалаға барғымыз келмейді, барсақ барлық жерде кезек дейді. Келген бізге пациенттер сақтандырылған болса тегін алады. Екіншіден, осы емханаға тіркелген болса тегін алады.

Жасұлан Сағынов, Түпқараған ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:

– 2021 жылдың қорытындысымен 34 кәсіпкеріміз 312 млн теңгеге шағын несие алды. 41 жаңа жұмыс орнын құрды. 14 кәсіпкер 30 млн теңгеден әрқайсы мемлекеттен қолдау алды. «Бизнестің Жол картасы-2025» бағдарламасымен 3 кәсіпкер қайтарымсыз грант алды, 2-5 млн теңгенің аралығында. Одан бөлек, Таушық ауылында балықты ыстатылған күйінде жасап шығару кәсібін қолға алып отырған кісілер де 4 млн теңге көлемінде несие алды.

Түпқарағанда жылыжай бизнесі де көркейіп келеді. Мәселен, Ақшұқыр тұрғыны былтыр 140 тонна өнім алған. Қайтарымсыз грант қаржысын газ құбырын тартуға жұмсап жатқанын айтады. Көлемі 1 гектарлық жылыжай биылдан бастап жыл бойы үзіліссіз жұмыс істемек. Жазға қарай 15 адам жұмысқа алынады. Өйткені, 250 тоннадан қияр-қызанақ жинау жоспарда тұр.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев