Этносаралық қатынастар саласында жаңа әдіс-тәсілдер енгізілмек

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық қатынастар саласында жаңа әдістер мен тәсілдер енгізуді жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ мен Достық үйлеріне арналған этносаралық қатынастар саласындағы қызметтің тиімділігін арттыру жөніндегі әдістемелік кеңестің отырысында хабарлады.

Әдістемелік кеңес жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі М.Әзілханов, ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бейінді комитеттері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының өзге де басшылары қатысты.

Іс-шараны ашқан Марат Әзілханов Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның барлық құрылымдарының ел бірлігін нығайтудағы маңызды рөлі туралы атап өтіп, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуде заманауи тәсілдерді қолдану қажеттілігін баса айтты:

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында этносаралық саланы басқару құрылымын өңірлік деңгейде қайта қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның Кеңесінің құрамы жаңартылып, өңірлердегі қоғамдық орынбасарларға міндеттерін айқындау, сондай-ақ олардың қызметін регламенттеу және нақтылау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Ассамблеядан сайланған Мәжіліс депутаттарының әрқайсысына нақты жұмыс бағыты бекітілген.
Достық үйлері ҚХА қоғамдық (халықтық) жобаларын ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау үшін материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық ресурстық базаға айналуы тиіс екенін атап өткім келеді», - деді М.Әзілханов.

Өз кезегінде вице-министр Серік Егізбаев қоғамдағы соңғы оқиғалар мен ел өміріндегі өзгерістер азаматтық қоғам мен этносаралық қатынастар саласын одан әрі дамытуға жаңа бағыт бергенін атап өтті.

«Ағымдағы жылы қоғамдық құндылықтарды жаңғырту бағытында нақты ағартушылық, әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды ілгерілету қажет. Сондай-ақ, елдің тұтастығын сақтауға, ішкі бірлікті нығайтуға бағытталған жобаларды кеңінен қолдау маңызды. Сондықтан мақсатты топтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің тиімділігін арттыру, жастар мен жастар ұйымдарын Достық үйлерінің қызметіне тарту, мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тіліне айналдыруға жәрдемдесу қажет», - деді спикер.

Оның айтуынша, бұл салада жұмыссыз жастарға бағытталған жүйелі жұмысты күшейту, оларға қосымша білім алуға, жұмысқа орналасуға ықпал етуге байланысты жобаларды іске асыруға қолдау көрсету міндеті тұр.

Сондай-ақ вице-министр аталған саладағы басымды бағыттардың бірі ретінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың патриоттық сезімдерін арттыру үшін Telegram, YouTube, TikTok сияқты әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін белсенді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар С.Егізбаев өңірлік деңгейдегі жергілікті үкіметтік емес ұйымдар үшін этносаралық тақырыпқа мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру тетігінің әлсіз пайдаланылуына назар аударды. Осы фактіні ескере отырып, ол азаматтық қоғам институттарымен өзара байланысты күшейтуге шақырды және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі белгіленген бағыттар бойынша өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ қызметінің тиімділігін бағалау жүйесін енгізетінін айтты.

«Қазіргі уақытта этносаралық қатынастар саласындағы жұмыстар барысында және іс-шараларды өткізуде бұрынғы «салтанатты» және «мерекелік» стильден арылу керек. Біз жаңа әдістерді іздестіруге көңіл аударуымыз керек. Мысалы: ағартушылық, еріктілік, қайырымдылық жобалары және т.б.», – деп түйіндеді С. Егізбаев.

Өз кезегінде, ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин «өшпенділік тілінің» таралуының, оның ішінде әлеуметтік желілер мен интернет-кеңістікте алдын алу мен төзімсіздікті насихаттайтын және зорлық-зомбылыққа итермелейтін тілге қарсы іс-қимыл әдістеріне қатысты баяндама жасады.

Сөз соңында Ғ.Шойкин мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан бірлескен шараларды қабылдау бойынша нақты ұсыныстарын айтты.

ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали 2022 жылға арналған өңірлік КММ мен Достық үйлері басшыларына бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, этномәдени бірлестіктермен жұмысты күшейту, жергілікті жерлерде ҚХА қоғамдық құрылымдарының қызметін жетілдіру, жүргізіліп жатқан жұмысты түсіндіру барысында жаңа медиа құралдарын кеңінен пайдалану керектігін жеткізді.

Сондай-ақ әдістемелік кеңес отырысында этносаралық тақырыпты ақпараттық жариялау, жастардың бастамаларын қолдау және жастар жобаларын іске асыру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар және т. б. тетіктерді пайдалана отырып, этномәдени бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды арттырудың өзекті мәселелері қаралды.

Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті - Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 21 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған шараларды іске асыру жөніндегі берген тапсырмаларын орындау мақсатында ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.