Петропавлда құтқарушылар тұрғын үйлердегі қауіпсіздік туралы дабыл қақты

Петропавлда көп қабатты үй тұрғындары апат кезінде пайдаланылатын құтқару баспалдақтарын кесіп, люктерді жауып тастаған. Құтқарушылар осылай деп, дабыл қақты. Себебі биік ғимараттарда өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмай отыр. Сондықтан пәтерлерді тексеру үшін аймақта арнайы комиссия құрылды.

Қалаға кіреберістегі мына баспаналар соңғы жылдары халық игілігіне берілді. Көздің жауын алатын тұрғын үй кешендерінен апат кезінде адамдарды сыртқа шығаратын арнайы баспалдақтар жоғалуда. Бір қызығы, оны тұрғындардың өздері кесіп тастаған.

Бекзат Наурызбаев, қала тұрғыны:

- Бұл саты проект бойынша ыңғайсыз тұрды да. Сондықтан өзімнің жағдайымды жақсарту үшін кесіп тастадым. Енді болашақта оны қайтадан қоямыз. Өрт сөндіру қызметкерлері маған келіп көрсетті, түсіндірді.

Арнайы құрылған комиссия үй–үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын бастады. Себебі өрт кезінде бұл баспалдақтар жалғыз құтқару жолына айналуы мүмкін.

Қымбат Саламатова, қала тұрғыны:

- Шкаф салғым келген ол жерге. Енді шкаф салуға болмайды екен. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді қазақтар. Сақтану керек. Енді сол сақтық үшін салған ғой.

Апат кезінде адамдар балкондағы бұл баспалдақпен төмен түседі. Өйткені құтқарушылардың жедел сатысы тек 9-қабатқа дейін ғана жетеді. Сондықтан талапты сақтамағандар болашақта жауапқа тартылатын болады.

Даниэль Саркисян, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

- Аталған факті бойынша құзыретті органдарға шағым түскен жағдайда тиісті жазалау шараларын қолданатын боламыз. Әзірге тек ескерту жасап жатырмыз. Сәйкесінше уақыт береміз. Егер пәтер иесі олқылықтың орнын толтырмаса, біз істі сотқа жібереміз.

Материалды сотқа жіберсе пәтер иелері айыппұл арқалайды.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов