Түркістан облысында ұлттық қолөнерді үйренуге талпынған ұл-қыз көп

Өз білгенін ауыл балаларына үйретіп, шәкірт тәрбиелеуге бет бұрған қолөнер шебері қолынан іс келетін баланың болашағы жарқын болатынына сенеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнершілерге қаратып айтқан хакім Абайдың қара сөздерін Алмагүл Есенқұлова өмірлік ұстаным етті.

Алмагүл Есенқұлова, қолөнер шебері:

– Басында көптеген ата-аналардың өтініші бойынша қазіргі заманда балалар телефонға көптеп телміріп кетті, есіл-дерті телефон болып кетті. Сондықтан да сіздің қолөнеріңізді біздің балдар үйренсе екен. Соған үйретіңізші деген ата-аналардың көптеген ұсынысы болды. Сол ата-аналардың демеуімен бастап кеттім бұл үйірмені.

Қазір Ақдаладағы отбасылық өнер үйінде ісмерлікпен қатар тұзбен сурет салу, суға кескін келтіру үйірмесі қосылды. Осылайша түрік елінің технолгиясы арқылы өнермен емдеп, баланың дамуын реттеуге көмек көрсетуді көздепті. Сондай-ақ саз балшықтан қыш құмыралар жасап, кәде сый ретінде түрлі мүсінді шығару ісін меңгеруде.

Дана Жақсыбаева, Ақдала ауылының тұрғыны:

– Алмагүл апай кәдімгі статусына салып қойғанда мен соны апама айтқанмын. Апайға звондаңызшы, осы жерге қатысқым келеді, үйренгім келеді, келешекте керек болып қалуы мүмкін дедім. Сөйтіп осы жерге қатысып келе жатырмын.

Үйдің әр бөлмесі қолөнер туындыларына толған. Қазақтың кимешегі мен құрақ көрпесі, киізден басылған қазіргі сұраныстағы эко-сөмкелері де бала қолынан шыққан. Жастардың жеңіл түсініп, иіріп алуып кетуі үшін жеңілдетілген бағдарлама бойынша үйретіп жатыр екен.

Ерболат Жанша, ағаш шебері:

2019 жылы «Жастар жылы» аясында мемлекеттен 3 миллион гранд алдық. Сол ақшаға әртүрлі станоктар алып, жұмысымызды жеңілдетіп жатырмыз. Балалардың құлшынысы жоғары.

Жастардың ерекше ықыласынан үйірмеге қатысқысы келетіндердің саны күннен-күнге артып отыр. Сондықтан Алмагүл Есенқұлова жергілікті билік өкілдеріне ауыл айналасынан үлкен өнер мектебін ашу үшін ұсыныс жасапты. Идея қолдау тауыпты. Енді тегін үйірменің аясында ауыл жастарын таңдаулы өнерді игеруге мүмкіндік молаймақ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов