Ақтауда вандалдар күніне бірнеше қорымды қорлап жүр

Ақтауда вандалдар күзетшіге байқатпай, зираттарға кірудің жолын тапқанға ұқсайды. Арам пиғылды адамдардың көздегені темір қоршаулар. Олар күніне бірнеше қорымды қорлап жүр. Ал тұрғындар мұндай сорақылықты жақынының рухына дұға оқуға келгенде көреді. Олар енді кімнен көмек сұрайтынын білмей дал.

- Вот здесь прямо есть следы оградки. Когда я пришла в выходные дни, была влажная земля. Прям свежий след...

Елизавета есімді қала тұрғыны демалыс күндері анасының зиратына келіп тұратынын айтады. Сол маңдағы бірнеше қорымның темір қоршаулары өткен сенбіде жоқ болып кеткен. Енді вандалдар жақынының зиратын қорлайды ма деп уайымдайды.

Елизавета Степанова, қала тұрғыны:

- Кезек жақынымның зиратына келе ме деп қорқамын. Адамдар қорым үстіне құлыптас қойып, айналасын қоршау үшін қомақты қаражат жұмсайды. Осылай ұрланып кетсе шығынды кім өтейді? Құдайдан безгендерді қалай тоқтатуға болады? Бұл жерде күзетші де байқалмайды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ақтауда 3 зират бар. Әрқайсысының аумағы 10 гектардай. Қазір біз орыс шіркеуі қасындағы зиратта тұрмыз. Расында осыншама жерді жалғыз күзетші бақылай алмайды. Мұны білетін вандалдар қорымды емін-еркін аралап жүреді. Топырағы бос жерді жылдам қазып, темір қоршауларды суырып аула сыртына лақтырса, арғы жағы түсінікті. 

Арам пиғылдылар ұрланған қоршауларды темір қабылдайтын орындарға өткізері анық. Нақты дәйек болмаса, ешкім қылмысын мойындамайды. Жауапты мамандар осындай сорақылық тек Ақтауда емес, ауылдарда да болып жатыр дейді. Мұны тию үшін қорым айналасын жарықтандырып, бейнекамера қою керек. Ал оған қаржы бөлу мәселесі тағы бар.

Мұратбай Көпенов, "Ақбота" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны директорының міндетін атқарушы:

- Ақшұқырда қоршаудың ортасында тұрған темір заборларды ұрлау фактілері, 29-дағы христиан қорымында осындай деректер бар тіркеліп жатқан. Бізде ол жерде 1 қарауыл болады сменада. Ол түн ішінде түгел аралауға физикалық тұрғыдан үлгермейді. Бірден бір жолы камера қою. Жарық шамдары, тротуар, су апару жүйелері осының бәріне 17-18 млн айналасында смета дайындағанбыз. Оның жауабы әлі келген жоқ. Жауабын алсақ, келер аптада бұл жұмыстар әрі қарай жүргізіледі.

Биыл Ақтаудағы зираттарды күтіп ұстауға бюджеттен 10,5 млн теңге бөлінді. Ал күзетін күшейтуге тағы қаражат қажет. Егер осы айда қосымша 18 млн бөлінсе, қорым ішін абаттандырып, бейнебақылау орнату жұмыстары басталуы да мүмкін. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев