Алматы облысында ауыз су мәселесі өзекті

Жамбыл ауданына қарасты Самсы ауылында таза сумен қатар өзге де әлеуметтік мәселелер шешімін таппай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төрт жыл бұрын тартылған су құбыры тұрғындардың шөлін қандырудың орнына тағатын тауысқан. Нашар салынған құбырдың кесірінен ауыл адамдары аптасына бірнеше күн тіршілік нәрінсіз отыруға мәжбүр. Оған қоса сапасы да мәз емес. Самсы ауылындағы түйіні шешілмеген түйткіл бұл ғана емес. Мұнда электр қуаты, ескі мектеп, жайылым жер, мәдениет үйі сынды проблемалар кезек күтіп тұр.

Бұл тоғыз жолдың торабындағы Самсы ауылы тұрғындарының Жамбыл аудандық атқа мінерлермен кезекті кездесуі. Сапасыз төселген су құбырының кесірінен 2 мыңнан астам адам ауыз суды тасып ішуге, болмаса өзен суын пайдалануға мәжбүр. «2018 жылы 590 миллион теңгеге төселген су құбырының рахатын көре алмадық», – дейді олар. Өйткені жаңа құбырлар пайдалануға берілген күннен бері қысымға шыдас бермей жиі жарылады. Жамалған күннің өзінде лай суды ішу мүмкін емес.

Бәтима Дастанова, Самсы ауылының тұрғыны:

– Көліктері барлар Айнабұлақтан келіп тасып ішіп отыр. Біз амалсыздан енді осы судан ішіп отырмыз. Осы судың өзі жоқ болып қалады. Автоматпен кір жуып жатса, ол өшеді, тұрып қалады.

Нұрболат Рахымбердиев, Самсы ауылының тұрғыны:

– Екі күннің бірінде жарылады. Қысым бергенде 3-ті ұстай алмайды, екі жарымға барғанда жарылады. Қазір мына ауыл тұрғындары біледі көбінесе құдықтардан, жалғанған жерлерден кетіп жатыр.

Аудан әкімінің орынбасары кездесуге келгендерге «Жоба кішкене дұрыс болмай қалған» деген жауап қайырды. Нақтырақ айтсақ, жерасты суы ауылдың төменгі жағынан жоғарыға қарай су сорғымен жіберіледі. Нәтижесінде 6 атмосферлік қысымға шыдайды деген әлгі сапасыз құбырлар жартысының өзін көтере алмайды екен. Енді қателікті қалпына келтіру үшін жаңа жоба жасалып, облыстық бюджеттен тағы қаражат бөлінбек.

Абзал Нұрпейісов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

– Жобаның қате болуына байланысты ауылдың жоғарғы жағынан қосымша биылғы жылы тағы да жоба жасаймыз. Алла қаласа насостың барлығы сонда болады, мына жаққа біз су жинайтын мұнара қоямыз. Сонда бірінші мұнара толтырылып, содан жоғарыдан төменге қарай су жібереміз деген шешу жолдарын қарастырудамыз.

Әкімдік өкілдері мұндай уәдені былтыр жазда да берген еді. Самсылықтар тағы бірқатар мәселенің кезек күттірмейтінін айтты. Соның бірі 170 орындық ескі мектепте 400 баланың үш ауысыммен оқып жатқаны. Аудан әкімдігі болса, жаңа мектеп салудың орнына 50 жылдан асқан ескі нысанды 495 миллион теңгеге жөндеп береміз, дейді.

Батима Дастанова, Самсы ауылының тұрғыны:

– Ол мектеп 8 жылдыққа арналған мектеп еді 170 бала болды біз оқытып жүрген кезде. Қазір 400 баладан асып кетті. Сол мектепке сығылысып отыр. Жаңағы фойе деген болатын біз оқытқанда, онда балалар тұрып бір-бірімен әңгімелесіп жүгіретін. Оның барлығын қазір фанермен бөліп, барлығын бөлме қылып қойған.

Аудан әкімінің орынбасары бірқатар мәселенің биыл шешілетініне сендірді. Яғни 45 миилон теңгеге көшені жарықтандырып, 144 миллион теңгеге жаңа электр желісі тартылатынын айтты. Ауылға көгілдір отын тарту жұмыстарына облыстық бюджеттен 570 миллион теңге бөлініпті. Айтылған уәдеге сенуден қалған Самсы тұрғындары уәде орындалмаса, астанаға барып министр, депутаттармен тілдесеміз дейді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев