Талдықорғанда көпқабатты тұрғын үйдің балконы опырылып түсті

Бетондалған темір қоршау адам өтетін жерге емес, астындағы балконға ілініп қалған. Баспананың қазіргі күйі және тұрғындарға қаншалықты қауіп төндіріп тұрғаны жөнінде арнаа тілшісі жауап іздеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әскери қалашықтағы алтыншы үйдің тұрғындары балконға шыққан сайын басын қауіп пен қатерге тігеді. Өйткені өзінікі болмаса да өзгенікі құлап кетуі мүмкін. Күні кеше ғана Вячеслав Козыревтың отбасы сондай жағдайға тап болды.

Вячеслав Козырев, қала тұрғыны:

– Үйде жолдасым болған. Гүрс ете қалыпты. Мұз сүңгілері құлаған екен деп қараса, балкон екен. Қайта біздің балконда ешкім болған жоқ. Енді, міне, жұмыстан сұранып келіп тазалап жатырмын.

Балконы опырылып түскен үйде пәтер жалдаушылар тұрады. Олар балконның құлағалы тұрғанын үй иесіне ескертіп айтқанбыз,- дейді.

Вячеслав Козырев, қала тұрғыны:

– Бір күні болмаса, бір күні құлайды деп айтқанмын. Сіздер барыңыздар деп едім, иә, иә деп кетіп қалды. Болды, бар болғаны сол.

Көпқабатты үйде мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. 2011 жылы зейнеткер Галина Шадринаның да балконы құлаған.

Галина Шадрина, қала тұрғыны:

– Міне, біздің балкон. Оны батареяға байлайын деп едім, ұлым рұқсат бермеді. Сол күні қатты жел соғып тұрды. Біреудің басына түссе, мен кінәлі болам ғой деп мамандарды шақырттым. Олар балконды жұлып алды. Қазір шыға алмаймыз.

1975 жылы сарбаздардың күшімен салынған үй әскерилерге қызметтік баспана ретінде берілген. Содан бері жарты ғасырға жуықтаса да балкондардың басым бөлігі ашық-шашық күйі тұр. Сондықтан бетондары үгіліп, темірлері шығып қалған. Тұрғын үй тұтынушылық кооперативінің жетекшісі мәселені түбегейлі шешпесе, оқыс жағдай қайталана береді екен.

Гүлнәр Садуақасова, «Сарбаз» тұтынушылық кооперативінің төрайымы:

– Менің ойым толық демонтаж жасап, алып тастаған дұрыс. Жаңа кран шақырады. Екі жігіт шақырса, балгаркамен кесіп, алып тастайды. Қауіпті әрине.

Нұрым Әлиұлы, қалалық ТҮКШ бөлімінің жетекшісі:

– Үй иелері өздері жөндеу жасау керек. Өздері күтіп ұстау керек. Егер жөндеу керек болса, модернизация керек болса, өтінім тастау керек. Сонда біз біз оларға кредиттік қайтарыммен жөндеу жасап береміз.

Әскери бөлімге тиесілі болған тұрғын үйлер 2020 жылы әкімдіктің қарамағына өткен. Ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған қалашыққа содан кейін ғана ыстық су мен табиғи газ тартылды. Жауаптылар биыл аулаларды абаттандырып, инфроқұрылымдық жүйелерді ауыстыра бастаймыз, деп отыр.