Түркістан облысында 200 орындық жаңа мектеп салынды

Түркістан облысының Төлеби ауданында 60 жыл бұрын салынған ескі мектеп жанынан жаңа білім ұясы бой көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақбастау ауылындағы шағын оқу ордасы әбден ескірген. Әрі ауыл өсіп, бала саны да артқан. Сондықтан білім ошағы кейінгі он жылда оқушыларға тарлық ете бастаған.

Бұл Ақбастаулықтардың көптен күткен мектебі. Екі қабатты 200 орындық білім ұясының құрылысы жақында аяқталды. Заман талабына сай салынған ғимараттың ішінде балаларға қажетті асхана, концерт, спорт залы, кітапхана, физика, математика және химия кабинеттері қарастырылған. Сынып бөлмелерінің барлығы соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Бұны балаларымыз бен немерелеріміз де асыға күтіп жүр», – дейді ауыл тұрғындары.

Төре Орынбасарұлы, Ақбастау ауылының тұрғыны:

– Бұрын бізде 1965 жылы салынған 150 орындық мектеп болған. Оқушылардың саны қазір 370. Бұл біздге таршылық жасайтын. Ескінің аты ескі ғой. Сондықтан енді оны қазіргі заманауи мектеппен салыстыруға келмейді. Міне, қазір мына мектептің бәрі ішінде. Керек-жарағының бәрі бар.

Жаңа оқу ғимаратының құрылысы 2020 жылы басталған. Жоба құны 900 млн теңге. Мамандар биылғы оқу жылының 3 тоқсанда пайдалануға беріледі деп күтілуде. Енді ауыл балалары да жаңа мектепте білім алып, заманауи оқу құралдарын пайдаланатын болады. Білім бөлімі мамандарының айтуынша, ауданда 3 ауысымды және апатты жағдайдағы білім ошақтары жоқ. Есесіне саманнан салынған мектеп бар.

Пернебек Асанов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері:

– Оның біреуі – Тағайна мектебі, Қаратөбе негізгі мектебі. Тағайнаға 200 орындық жаңа мектептің құрылысы биыл басталады. Қаратөбе мектебі алдағы уақытта жоспарға қойылды. Жалпы ауданда 8 мектептің қажет деп жоспарланған. Оның екі былтыр басталды. Биылға 3 мектеп қойылды.

Жыл сайын облыста оннан аса жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі. Алайда бала санының көптігіне байланысты кейбір мектептердің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай келмейтінін білім басқармасының басшылары да айтып отыр.

Ардақ Садықова, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Соңғы он жыл деп барлық жерге талдау жасадық, он жылдың ішінде мектептерге үлкен көлемде пән кабинеттері алынбаған. Пән кабинеттері жаңартылып тұрады, өзінің мерзімі бар. Химия, физика, биология кабинеттері. Сол кабинеттерді де жаңғыртсақ деген жоспар бар. Сапасы төмен мектептеріміз шалғай аудан, ауылдарда. Сондықтан қазір біз әкімдіктермен де жұмыс істеп жатырмыз.

Жалпы қазір Түркістан облысында 4 апатты, 3 үш ауысымды мектеп бар. Сонымен қатар бүгінгі таңда 38 орта білім беру мекемесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 26-сы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш