Заңгер: Кәсіподаққа күштеп тіркеуге болмайды

Кейінгі уақытта кәсіподақ ұйымына қатысты шу көбейді. Әсіресе ұстаздар қауымының ұйымға өкпесі қара қазандай. Мұғалімдер айлықтан ұсталатын жарнаға сай мардымды көмек жоқ екенін айтып шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айнұр Сабыр 15 жылдан бері мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келеді. Осы аралықта кәсіподаққа үздіксіз жарна төлеп отырған. Әсілі, ай сайынғы жалақысының бір проценті аударылып тұрған. Енді жарна төлеуді доғармақшы. Арыз да жазып қойған екен.

Айнұр Сабыр, мұғалім:

– Кәсіподақ құрамынан бізде мұғалімдер 25-30 жылда курортқа барып жатыр. Ойлап қарасақ мен кәсіподаққа жыл сайын төлейтін жарнамен 3 жыл сайын мен курортқа бара алады екем. Мен есептеп отырсам, бір жылда 45 мыңдай ақша кәсіподаққа береді екем де сонда кәсіподақтың жыл сайын жаңа жылда 1000 теңгенің кәмпиті мен 8 наурызда бір тал гүл береді екен. Сонда 45 мың теңгеден 10 мыңға жетпейтін соммаға сыйлық болды.

Ұстаздардың дені кәсіподаққа мүшелікке өтуді бас тартуға болмайтын міндет деп санаса керек. Ұйымға тіркелу, не тіркелмеу жұмысшының өз еркінде екені көбінің қаперіне кіріп те шықпайды. Заң бойынша ешкімді мәжбүрлеуге жол жоқ, – дейді заңгерлер.

Маржан Аспандиярова, құқық қорғаушы.

– Мен өзімнің тәжірибемде осы күнге дейін бір рет те кәсіподақ қатардағы қарапайым жұмысшыны қорғады дегенді естімеппін және кез келген адаммен сөйлескен кезде, осы сұрақты қойған кезде сіздердің мекемелеріңізде кәсіподақ ұйымы бар емес пе, сіз ай сайын жарнаңызды төлеп отырасыз. Ол жақтан көмек сұрадыңыз ба, ол жақ сізге қандай кеңес берді десем, таңқалып қарайды. Өйткені көптеген адамдар өз құқығын білмейді. Ал кәсіподақ ұйымы өз қызметін дұрыс атқармайды.

Бүгінде ел бойынша 545 559 адам кәподаққа мүше. Оның жартысынан көбі білім саласының қызметкері. Мамандардың айтуынша, еңбеккерлерден жиналған қаражат бір қазанға құйылып, барлық кәсіподаққа теңдей бөлінеді. Орта есеппен жарнаның 60%-ті бастауыш кәсіподақ ұйымдарында жөнелтілсе, қалған қаражат кәсіподақ аппаратының қалыпты жұмыс істеуіне жұмсалады. Ал кез келген салалық кәсіподақтағы штат саны 2-3 адамнан аспайды. Ал ұйымға аударылған ақшаның қайда жұмсалып жатқаны жария етіліп отыруы тиіс. Айталық, еңбеккердің әлеуметтік ахуалына назар аудару, денсаулығын жақсарту сынды шаруаларға осы ұйым қарайласып отыруы керек. Сондай-ақ ұйым мүшелерінің кәсіби құқығы мен мүддесін қорғауға, заң тұрғысынан тегін кеңес беруге, қайырымдылық және материалдық көмек көрсетуге міндетті. Бұл кәсіподақ өкілінің бізге айтқаны.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Марат Диханбаев