Қаңтардағы қырғынды кім ұйымдастырды?

Тараз тұрғыны қаңтардағы қырғын кезінде қолды қылған Калашников автоматын 300 мың теңгеге сатып жіберген. Ішкі істер министрлігі осындай ақпарат таратты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атырау облысында бұзақылар бүлік кезінде қолында қаруы жоқ жас сарбазды көпірден лақтырып жіберіпті. Бас прокуратура өкілдері әр іс жеке зерттеліп жатқанын айтады. Ал «Аманат» қоғамдық комиссиясының өкілдері елде жазықсыз жандарды азаптау әлі де жалғасып жатқанын жасырмады.  

Бір жарым айдай уақыт өтті. Кеудені әлі шоқ кеулеп тұр. Қаңтардағы қырғынды кім ұйымдастырды? Көптің көкейінде осы сұрақ. Құрығы ұзындар жауап беруге асықпайды. Тергеу жалғасып жатыр деумен келеді. Бас прокуратура 91 істі қарап жатқанын айтты. Оның 46-сы терроризмге, қалғаны – жаппай тәртіпсіздікке қатысты.

Елдос Қилымжанов, ҚР бас прокуратурасы бірінші қызмет бастығының орынбасары:

– Талдықорған қаласында азамат Т. адамдар тобындағы жаппай тәртіпсіздктердің белсендісі бола отырып, полиция басқармасының ғимаратына кіріп, 20 тапаншаны ұрлап кеткен. Атыс қаруын алған азамат Т. полиция ғимаратында оқ атуды бастады.

Пагон таққандар алаңға беттегендерді біреулер басқарып тұрды дегенге бек сенеді. Айталық, Атырау облысында қарулы топ әуелі тас жолдар мен шойын жолдарды жауып тастаған. Өзге өңірден көмек келмесін десе керек. Ізін ала полиция бөлімшелеріне лап беріпті. Апай-топай кезінде қолында қаруы жоқ жас сарбазды тіпті көпірден лақтарып жіберген.

Елдос Қилымжанов, ҚР бас прокуратурасы бірінші қызмет бастығының орынбасары:

– Олар полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздарына шабуыл жасап, қиратулар мен өртті шығарды. Мысалы, 18 жастағы қарусыз жедел қызмет солдатын орталық көпірден лақтырып жіберуге дейін барған. Абырой болғанда, сарбаз тірі қалды.

Ішкі істер министрлігі де қолда бар мәліметпен бөлісті. Олар бүлікке қатысты 2 мың 729 қылмыстық іс қозғалғанын айтады. 255 адам қамауда отыр екен. Кейбірін қолхат арқылы уақытша босатып жіберіпті.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

– Ішкі істер органдары тергеушілерімен қаңтар оқиғалары бойынша 107 күдіктіге қатысты қылмыстық істер айыптау актілерімен аяқталған. Бұл істердің негізгі бөлігі,  65 ұрлық, 11 қаруды заңсыз сақтау фактілері, жеетуі оларды ұрлау және өзге де деректер бар.

Айыпты болғандардың алды жазаға тартылып та жатыр. 52 адамға сот үкімі шықты. 13 адам абақтыға жабылды. 39-ы шартты түрде сотталды. Тараптардың татуласуынан кейін 2 адамды еркіне жіберген.  Полиция мыңнан астам қару тәркілепті. 20 мың оқ-дәрі тауып алған. Күдіктілердің арасында қолды қылған автоматты сатып үлгергендері бар.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

– 18 ақпанда Жамбыл облысының Байзақ ауданында жедел іс-шаралар барысында криминалдық полиция қызметкерлері ұрланған Калашников автоматын сату барысында Тараз қаласының 45 жастағы тұрғынын ұстады. Күдіктіден жеке тінту барысында қаруды сату барысында түскен 300 мың теңге, ал автомашина салонынан тағы екі Клашников автоматы мен оқ-дәрілер алынды.

Бас прокуратура тергеліп жатқан адамдарға қысым көрсетілмеуін қадағалап отырмыз дейді. Бірақ «Аманат» қоғамдық комиссиясының мүшелері жазықсыз жандарды азаптау кейбір өңірде әлі де жалғасып жатқанын жасырмады.

Мәди Мырзағараев, «Аманат» қоғамдық комиссиясының мүшесі:

– Алматы қаласының, Талдықорған, Тараз, Шымкент қалаларының тергеу изоляторында болдық. Одан бөлек, біздің Ержан Қалиев деген өкіліміз Семей мен Өскенде жұмыс жасап жатыр. Азаптау фактілері кездесті. Оның орын алғандығы факт рас. Бізге шағым келтіргендер болды. Олардың шағымын тиісті құзырлы органдардың алдына қойып, хаттар жаздық. 

Қоғамдық комиссия осыған дейін 150 адамның бостандыққа шығуына септескен. Ауыр қылмысқа қатысы жоқ екенін дәлелдепті. Бұл жұмысты соңына дейін жеткіземіз деп білек сыбанып отыр. 

Авторы: Дастан Сейілханұлы