Теміртаудағы екінші ЖЭО-да жаңа қазандық салынып жатыр 

Теміртауда жылу және электр энергиясының қосымша көзі пайда болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаладағы екінші жылу электр орталығын қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Оның қуаты тағы бір қазандық салу арқылы артады. Жоба екі жылға есептелген. Мамандар бұл бірқатар коммуналдық және экологиялық мәселені шешуге септігін тигізеді дейді.  

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы жылу электр орталығының қазандығын жаңғырту және салу жобасы былтырғы қыркүйек айында басталған. Құрылыс екі кезеңге бөлінді. Қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Алдымен металл конструкциялар мен шатыр және плиталар салынады. Жаңа қазандық орнатылады. Жабдықтар сәуір айында қойыла бастайды.

Банерджи Субхраджиоти, «Арселормиттал Теміртау» АҚ жобалар бойынша менеджері:

– Күл мен күкірт оксидінің белгіленген нормадан төмен бөлінуін шектеу үшін ылғалды тазалау жүйесінің озық технологиясы енгізілуде. Қазандық пен оның қосалқы жабдықтарының іргетасын қалау, сондай-ақ ғимараттың қолданыстағы темір бөліктерін қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазандықты тіреп тұратын құрылым сәуір айында орнатыла бастайды. 

Көмір бункерлерінің металл бөліктері жаңартылып жатыр. Ұсақтайтын жаңа қондырғылардың іргетасы қалануда. Қазірдің өзінде жұмыс 40 процентке аяқталған. Жаңа қазандық түрлі отынмен қызады. Бұл ауаның ластануын айтарлықтай азайтады. Сондай-ақ экологиялық талаптарға сай келетін шаң тазартатын заманауи қондырғылар орнатылады.

Андрей Парамонов қалалық екінші ЖЭО директоры:

– Ол қатты отынмен де, табиғи газбен де жұмыс істейді. Газ болса, оған да ауыса аламыз. Бұл қазандықтың басты артықшылығы – шығарындылар азаяды.

Теміртау өсіп, қаланың энергияға деген қажеттілігі де артып келеді. Мамандар екінші ЖЭО-ы жөндеуден өтіп, жаңа қазандық іске қосылғаннан кейін қаладан жылу мен су үзілмейді дейді. 

Авторы: Қорған Қонысбайұлы