Оралда әкелер мен балалар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті

Оралда әкелер мен балалар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Қаладағы спорт клубының ат спорты бөліміне 10-13 жас аралығындағы 80 шақты бала тегін қатысып жүр. Жарыс кезінде олар әкесімен бірге садақ ату, серке ілу, аударыспақ пен кермеге тартылудан өзара шеберлік байқасты. Мақсат – ұлттық спортты дамыту, отбасы құндылықтарын дәріптеу. Жарысқа қатысқан 12 жұпқа салт-дәстүр мен жылқыға қатысты сұрақтар да қойылды.

Жарыс ұлттық спорт түрлерін дамытуды көздейтін этнокешенде өтті. Бұл жерде балалар атқа қалай отырудан бастап серке ілу мен аударыспақ секілді спорт түрлеріне машықтанады. Сонымен қатар садақ ату мен белтемірге тартылуды да меңгереді. Сайыс кезінде әкелер ат жалын тартқан ұлдарының еркін қимылына риза болып, ептілігіне сүйсінді. Қаланың қарбалас тірлігі күн сайын жаттығуға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, балалар осында асығып тұрады. Көп нәрсе үйренгенін көріп марқайып тұрмыз,- дейді олар.

Қуанышбек Бұлтбайұлы, жарысқа қатысушы:

– Баламыз телефон ойнауын қойып, таң атқаннан кеш батқанға дейін осы жерде шауып жүреді. Ол деген қаланың баласына мәртебе. Біз, қазақ, атқа мініп өскен баламыз ғой. Балаларымыз атқа мініп өссе, денсаулығы жақсы болады.

Әке – балаға сыншы. Ал ат спорты балуан білекті, шымыр да епті жігіттердің ісі. Ат спортын серік еткен жас буын да мұны терең түсініп, намысқа тырысқаны байқалды.

Нұрдәулет Оралханұлы, жарыс жеңімпазы:

– Телефон ойнап көзімізді ауыртқанша, осында келіп денемізді шынықтырып, қазақтың ұлттық спорттарын ойнауымыз керек. Негізі әр адам бала атқа келген сайын атқа ынта болады. Басында мен де атқа міну білмедім, дұрыс отыру дұрыс ерттеу. Қазір мында сабаға келіп өзімнің шабыттарымды ашып, атты ерттеуді білемін, аттың үстіне отыруды, шабуды білемін. Осында келіп бәрін үйрендім.

Нұрислам Мейіржанұлы, жарысқа қатысушы:

– Қазақтың баласы атқа жақын болу керек. Өйткені ата-бабамыздан қалған нәрсе. Қазіргі балалардың көбі телефонмен арпалысып жатады. Қоңырау соққанда кейбір балалар бөлініп ат туралы әңгіме соғады, кейбіреулер ойын ойнайтыны болады.

Ақылбек Ищанов басшылық ететін этно кешенде балалар көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан жаттығады. Дегенмен, өңірде ат спортына баулитын мұндай орталықтар тым аз.

Ақылбек Ищанов,  ұлттық спорт түрлерін дамыту этнокешенінің жетекшісі:

– Ұлттық спорт кенжелеп тұр, оны мойындау керек. Бұрын ауылдың баласы жұмыс істейді, қаланың баласы әлсіз деп. Қазір ауылдың баласы мен қаланың баласында ешқандай айырмашылық жоқ деп айтуға болады. Өйткені бәрінде сол телефон, қазір ауылдың бәрі шүкір газ, су келіп тұр. Бұрын енді біз су тасыдық, отын жардық, мал жайладық. Қазір ауылда атқа мінетін бала жоқ ауылда, бәірі жылықыны, малды мотоциклмен бағады. Ауылдан келіп каникулда бізге келіп ат үйірмесіне қатысатын балалар бар. Соған таңғаламыз біз.

Этнокешен аумағы небары 20 сотық. Айналадағы бос жерлер тұрмыстық қалдықтарға толған. Ал оны жарыс өтетін алаңға айналдыруға жер туралы заң рұқсат етпейді. Қосалқы жер телімін алуға көп уақыт кетеді. Аймақта көкпардың дамуы да көңілден шықпайды. Ұлттық спортты қолдаудан қалталы азаматтар да қалыс қалмаса,- дейді атбегі.

Ақылбек Ищанов, атбегі, ұлттық спорт түрлерін дамыту этнокешенінің жетекшісі:

– 2000 жылдың басында ашылды, содан көкпарымыз не өскен жоқ, не өшкен жоқ. Енді кейін қарай түспесе дейміз. Үкіметтен бөлінген ақша ол аздық етеді. Бар ғой байбатша азаматтар, атымтай жомарт жігіттер. Солар шабам деген жігітке бір ат алып берсе, Атырау, Ақтөбе оларда қолдаушылар көп демеушілер. Оларға Қырғызстаннан, Тараздан, Шымкенттен дайын аттар әкеліп береді. Ойында көкпарда 70 пайызды ат ойнайды, 30 пайызын бала. Ат шаппаса бала қалай шабады.

Тартысты бәсекеде әкелі-балалы Оралхан мен Нұрдәулет Мағзомның мерейі үстем болды. Әбілхайыр Ахметов пен ұлы Дияс екінші орынды еншілесе, Нұрлан мен ұлы Мұратқали Арсенге үшінші орын бұйырды. Жарысқа қатысушылардипломдармен және демеушілер атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов