Қаңтар оқиғасы: қамалғандар арасында 18 шетел азаматы бар

Қаңтар оқиғасына байланысты тергеу изоляторларына қамалғандардың 18-і – шетелдіктер.

Олардың 14-і Өзбекстан, 2-і Ресей, 2-і Қырғызстан азаматтары. Бұл туралы бүгін еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова мәлімдеді. Оның айтуынша, қамауда барлығы 724 адам отыр. Арасында кәмелет жасына толмағандар да бар. Олардың көбі ата-аналарының кепілдігімен изолятордан шығарылды. Тек Тараз қаласында ғана бір жеткіншекке қатысты прокурорлық тексеріс әлі жүріп жатыр. Арнайы мониторинг тобы түзету мекемелеріне 118 рет барған. Ұсталғандармен сөйлесу кезінде кейбір отбасылар қаржы тапшылығынан адвокат жалдай алмай отыр. Сондай-ақ алғашқы 48 сағатта изоляторларда тамақ пен ауыз су жетпей жатқаны белгілі болды. Қазір туыстары мекемеге келіп, азық-түлік жеткізуге құқылы.  Сондай-ақ Әзімова тәртіпсіздіктер басталған сәттен изоляторларға оқ жарақатын алған 55 адам жеткізілгенін хабарлады. Тағы 8 азаматтың сүйектері сынғаны анықталды. Оларға түзеу мекемелерінде тиісті медициналық жәрдем көрсетіліп жатыр.

Айта кетерлігі, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге 80 шағым келіп түсті. Бұл арыздар тәртіп сақшыларының өкілеттігін асыра пайдаланып, қатігездік танытуымен байланысты.

Эльвира Әзімова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі:

– Азаматтардың өтініштері бойынша ұстаудың әрекеттері мен тергеудің заңсыз әдістері бойынша 191 қылмыстық іс қазіргі уақытта қозғалды. Барлық іс бойынша тергеу жұмыстары әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр. Дегенмен бұл процесс тағылған айыптың мәні бойынша негізгі сот талқылауына дейін аяқталғаны маңызды. Заңда азаптау кезінде алынған дәлелдер жарымсыз екені толық көрсетілген.