Ақтөбеде газ жарылысынан 11 көлік үйінді астында қалған

Ақтөбеде автокөлік жөндеу станциясында жарылыс болып, бір адам қаза тапты. Оқиға бүгін таңғы сағат 4 шамасында болған. Қираған ғимарат орынын тазарту кезінде 68 жастағы күзетшінің мәйіті табылды. Адам жатқан жері иттердің көмегімен анықталды.

Түн ішінде құтқарушыларға жанармай құю станциясында өрт шықты деген ақпарат түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер төтенше жағдайдың көрші ғимаратта болғандығын анықтайды. Үлкен жалын болмаған. Алайда ауданы 600 шаршы метрлік ғимарат толықтай қирапты.

Қайрат Қасым, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Біз жеткенде көрші мекемелердің жұмысшылары ішінде күзетшінің қалып қойғандығын айтты. Бірден іздестіру жұмысына кірістік. Оның мәйіті 4 сағаттан кейін үйінділердің астынан табылды. Бұл жұмысқа 174 құтқарушы мен 25 техника жұмылдырылды.

Үйінді астында түрлі маркалы 11 көлік те қалған. Қираған автомобиль иелері полицияға арыздануда. Бірақ біздермен тілдесуден бас тартты. Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтауы тиіс дейді. Күзетшінің де қалай қаза тапқанын тергеу анықтайды.

Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД Баспасөз қызметі жетекшісі:

- Аталған факт негізінде Ақтөбе облысының полиция департаменті ҚР ҚК 292-бабының 2-бөлігі, «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Полицейлер төтенше жағдай болған орынды қоршап, зерттеуге кіріскен. Әзірге құтқарушылар жарылыс автокөлік баллонындағы пропан газының ауаға таралуынан болды деп топшылап отыр. Алайда нақты себебі мен келген шығын көлемі тиісті сараптамадан кейін белгілі болады.

Мансұр Есқожин, Айбек Даутов