Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталған 724 адам қамауда отыр

Қаңтар оқиғасына байланысты тергеу изоляторларына қамалғандардың 18-і шетел азаматтары. Олардың 14-і Өзбекстаннан, 2-і Ресейден, тағы 2-і Қырғызстаннан келген. Бұл туралы бүгін еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова мәлімдеді.

Айтуынша, қазір қамауда 724 адам отыр.

Ұсталғандардың арасында кәмелетке толмағандар да болды. Олардың басым бөлігі ата-анасының кепілдігімен жіберілсе, Тараз қаласындағы бір жеткіншек әлі күнге дейін изоляторда отыр.

Қаңтар оқиғасынан кейін полиция қызметкерлері тәртіпсіздіктерге қатысқандарды ұстап, тергеу изоляторларына жеткізе бастады. Басында түрмеге жабылғандардың саны мыңнан асып кетті. Олардың ішінде 55 адамға оқ тиген. Тағы 8 азаматтың сүйегі сынғаны анықталды. Ал жақында Алматыда абақтыда отырған бірнеше азаматтың денесінде күйік бар екені белгілі болды. Қоғам арасындағы қызу талқылаудан кейін олар қаладан кетпеу туралы қолхат арқылы бостандыққа шығарылды.

Эльвира Әзімова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі:

- Бүгінгі таңда дәрігерлердің ұсынысын ескере отырып, жабық мекемеде жатқан бір топ азаматқа операция жасау жоспарлануда. Кейбір адамдар созылмалы аурулардың өршуін сезінуде. Бір азаматтың сирек кездесетін ауруы бар. Аталған азаматтарды қамауда ұстауды бас бостандығын шектеуге байланысты емес, балама шаралармен ауыстыру туралы өтініштерімізді бердік. Салалық мамандардың көмегіне мұқтаж жандар барын ескере отырып, көпшілік өтініштерімізді қанағаттандырып жатыр. 

Қазір қамауда 724 адам отыр. Изоляторға түскеннен кейін оларға бірнеше күн бойы тамақ пен ауыз су жетпей жатты. Кейін ұсталғандардың туыстары мекемеге келіп, азық-түлік жеткізуге мүмкіндік алды. Күдіктілерден түсіп жатқан шағым көп. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге 80 арыз жеткен. Негізінен олар тәртіп сақшыларының өкілеттігін асыра пайдаланып, қатігездік танытуымен байланысты. Нәтижесінде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты 191 қылмыстық іс қозғалды. Бірақ арасында прокурорлардан қорқып, арыз жазғысы келмейтіндер де бар көрінеді. Осы орайда мониторинг тобы куәгер мен жәбірленушінің айтқанын құпия күйінде сақтауды талап етті.

Эльвира Әзімова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі:

- Қамауда отырған азаматтардан түскен барлық хабарламаларды тексеру және қылмыстық іс қозғау үшін Бас прокуратураға түскен хабарламаларды жолдаймыз. Сонымен қатар қамауға алынғандар, олардың туыстарымен кездесулерге уақыт бөлеміз. Кездесу қорытындылары бойынша облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар екі қаланың прокуратура, әкімдіктерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

Қаңтардың 13-інен бастап арнайы мониторинг тобы түзеу мекемелеріне 118 рет барған. Ұсталғандармен сөйлесу кезінде кейбір отбасының адвокат жалдауға мүмкіндігі жоқ екені анықталды. Эльвира Әзімова оған жол бермей, барлық күдіктіге заң аясында көмек көрсету қажет екенін ерекше атап өтті.

Дариға Ташенова