Әкімдіктен қайыр болмаған соң балалар футбол алаңын өздері салып жатыр

Таразда жас жеткіншектер доп ойнайтын алаңның құрылысын өз қолдарымен бастап кетті. Алаңқайға зәру бүлдіршіндер әкімдіктен қайыр болмағанын айтып, көк шөп өсіп тұрған шымды ойып, ашық жерге әкеп төсеп жатыр. Олардың тірлігіне сырттай сүйсінген ата-аналар телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Тұрғындар жасыл алаңның жоқтығын 20 жылдан бері айтып шаршаған. Олар бұл жердегі № 127, 129, және 130 үйлер облыс әкімдігінің түбінде тұрса да мәселе шешімін таппай келеді деді. Ал қала билігі балалар алаңын салуға мүлде болмайды деп отыр.

- Не істеп жатсыңдар?

– Поля жасап.

– Әкім жасамайды. Жасап беріңіздерші. 

– Қайдан алып жатсыңдар газонды?

– Анау жерден.

– Жарайсыңдар! Құрметті әкімдік балалар өз қолдарымен газон алаң жасап жатыр. Сіздерден өтініш балаларға алаң жасап беріңіздерші?

Рахметжан Бекжанов, қала тұрғыны:

 - Балаларға істеп жатқаны бос әңгіме. Барлығы айтылған ал жасалған ештеңесі жоқ. Қаланың орталығында тұрып мына әкімнің бір адамдары келіп көрген емес.

Зарина Қуатова, қала әкімінің кеңесшісі:

 - Бұл алаңға футбол алаңын салуға болмайды. Өйткені ол жерде жер асты жылу құбыры магистралі өтуде. Дәл қазіргі таңда үйлердің маңынан бос жер іздестірілуде. Егер мемлекеттің меншігіндегі бос жер табылған жағдайда биыл футбол алаңының құрылысы жоспарлануда.