Өскеменде жылу қазандығы салынады

Алдағы жылдары Өскеменде жылу тапшылығы байқалуы мүмкін. Жаңа шағын аудандар бой көтеруімен жылу электр орталықтарына жүктеме артқан. Құрылысшылар салынып бітпеген нысандар инженерлік желіге қосылмай қала ма деп қауіптенеді. Тығырықтан шығудың бір амалы жаңадан жылу қазандығын салу. Оның жобасы да дайын. Станция іске қосылса жылына 1 млн 800 тонна көмір жағады. Сонда оның табиғатқа залалын кім ескереді?

Өскеменде құрылыс қарқынды. Соңғы жылдары бір емес, үш мөлтек аудан салынды. Ал инженерлік желілер сол күйі өзгеріссіз тұр. Шаһарды 50-жылдары салынған ескі жылу электр орталықтары мен қазандық жылытады. Жауаптылар болса «мәселені шешетін жоба дайын» дейді.

Айдын Бексұлтан, ЖЭО бас директоры:

- Қазір қала бойынша жылуға тапшылық 316 гигакалорияны құрайды. Бұған қарқынды құрылыс себеп. Жаңа қазандық іске қосылса жағдай өзгеруі мүмкін.

Қосымша қазандықты іске қосудан бөлек жылу электр орталығын жаңғырту күн тәртібінде тұр. Демек, алдағы уақытта көмір бұдан да көп жағылады деген сөз.

«Қазір бұл кәсіпорын жылына 14 мың тоннадан астам улы заттарды ауаға таратып отыр. Іргелес тұрған металлургия кешенінен 26 мың тонна шығады. Жел жоқ күндері Өскеменді қалың түтін басатыны сондықтан», - дейді экологтар.

Даулет Асанов, эколог:

- Бұл неге әкеп соғады?! Қосымша 2 мың тоннадан жоғары шығарылады атмосфераға. Бұл ТЭЦ-тің орналасқан жері қаладағы ең ластанған жер. Сол жақ жағалаудағы үйлерге жылу беру үшін сол жерге қосымша ластаушы заттарды салу деген бассыздық қой. Жаңа үйлерге жылу жетіспесе жылу генерациясын сол маңайдан қарастыру керек.

Ауаны тазартатын жоба

Алматы да түтінге тұншығып тұр. Тығырықтан шығу үшін 1-жылу электр орталығы қайта жаңғырудан өтті. Кеңестік кезеңде ашылған кәсіпорын қазір табиғи газ жағады. Ал екінші нысанды газға көшіру енді қолға алынды. Қондырғыларды орнатуға 315 млрд теңге жұмсалады. Жоба жүзеге асқан жағдайда ауаға таралатын улы заттар 15 есе азаяды деп жоспарланған.

Исахан Сырғабаев, ЖЭО-1 атқарушы директоры:

- Көмірқышқыл газдар шығаратын 5-7 есе азайды. Бұрын шығарған өнімдерімізге осынша төлеуші едік. Қазір мұның барлығы көп қысқартылды.

Өскеменде жылу орталықтарын газға көшіру техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Шығыс өңірге көгілдір отын желісі әлі жеткен жоқ. Мұның үстіне заманауи үлгідегі қондырғылар қолданыстағы цехтарға сыймайды. Сондықтан ескісін жаңартуға миллиардтап ақша бөлгеннен гөрі жаңа нысан салған тиімді дейді мамандар. Кәсіпорын ашылса көмір немесе газ жағатыны әзірге белгісіз.

Нұрлан Рамазанов, ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Сол жағалаудағы 2-қазандықты қайта жаңғырту. Және де Өскемен ТЭЦ-не 16-қазандықты салу. Бұл 2 жоба іске асқан жағдайда 2025 жылға дейін шамамен 340 гигакалория жылу қуаты пайда болады деген есептеулер бар.

Данияр Әлиев, ШҚО экология департаментінің басшысы:

- Алматыда, Нұр-Сұлтан қаласында жылу қондырғыларын газға ауыстыру, соған өткізу бағдарламалары, жобалар іске асып жатыр. Бізде қазір ондай мүмкіндік көрініп тұрған жоқ. Неге десек, оған газификациялау туралы өзінің концепциясы жоқ. Сондықтан жаңадан салатын жылу электр станциясын газбен қамтамасыз ету туралы сұрақтар қазір қарастырылып жатқан жоқ.

Ел президенті Үкіметке Шығыс Қазақстан облысын газдандырудың концепциясын көпке созбай әзірлеуді тапсырғаны мәлім. Бұл істі энергетика министрлігі шілде айына дейін аяқтауы керек. Бұдан соң Өскемендегі ірі нысандар мен жылу электр орталықтарын көгілдір отын желісіне қосу қолға алынады деген үміт бар.

Талғат Исламұлы, Алма Оразбаева, Гүлнар Әмренова, Дмитрий Пыхтин