Атырауда саяжай тұрғындарын толғандырған мәселе көп

Атырау қаласының іргесіндегі Атырау ауылдық округінің тұрғындарын жол мен жарық мәселесі титықтатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңбыр жауса, жағдай қиындайды. Тіпті балалардың мектепке баруының өзі мұң екен. Кездесуге арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына тұрғындар шағымдарын жеткізді. Атырау ауылдық округіндегі 7 бау-бақша қоғамдастығында барлығы 600-дей үй бар. Тұрғындарды жол мен жарық мәселесі әбден әбігерге салған. Жаңбыр жауса, көшеге шығу мүмкін емес. Ал электр энергиясының тарифі тіпті қымбат екен.

Қанағат Сансызбайқызы, қала тұрғыны:

– Жарықтың ақшасы өте көп. Жолымыз жаман. Барлық жағдайды істеп берсеңіздер. Осы отырған ауылдың тұрғындарының бір ғана тілегі – бізді қалаға өткізіп беріңдер. Қалғаны жайлап реттеледі.

Өмірбек Матифов, қала тұрғыны:

– Біріншіден, жол жоқ. Өзіміз отход аламыз. Отходты 1 камазы 45 мың теңге. 10 камаз төктірдік, өзіңіз ойлап қараңыз, бір қалтадан шығатын ақша. Бәрі еңбекпен келіп жатқан ақша. Біз Үүкіметтен ештеңе сұраған жоқпыз. Үй сұраған жоқпыз, жер сұраған жоқпыз. Бәрін сатып алдық. Ел ағаларынан бізге жол, жарығымызды «Атырау-Жарыққа» өткізіп беруіңізді сұраймыз.

Жауаптылар жол мен жарық мәселесінің шешілуі – оңай емес дейді. Бау-бақша қоғамдастығының тұрғындарына жол төсеу үшін бюджеттен қаржы қарастырылмайды екен. Ал электр энергиясының құнын төмендету үшін саяжайлар қала құрамына кіруі керек.

Ерболат Омаров, қала әкімінің орынбасары:

– Бір уақытта барлық бау-бақша қоғамдастығын қамти алмаймыз. Мүмкіндігінше ескі асфальт қалдықтарын төсеп беруге жұмыстанып жатырмыз. Мұның жүргізілетін құрылыс жұмыстарына да байланысты екенін ескеру керек. Біз қолдан келгенше көмек көрсетеміз.

Атырау қаласында осындай 45 бау-бақша қоғамдастығы бар. Ондағы тұрғындардың көбін осы түйткілді түйін титықтатыпты. Алыстан ат арытып келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары айтылған арыз-шағым бойынша мәселені шешуге дереу кірісеміз деп уәде етті.

Сәлімжан Нақбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біз қолымыздан келгенше, осыған араласамыз. Шұғыл араласамыз. Мен сізге айтпаймын, бұл осылай қала береді деп. Сізге біз өзіміздің жасаған жұмысымызды хабардар қылып отырамыз. Топтың басшылары шықса, біз өзіміздің адресімізді, телефон нөмірімізді беріп, бірге жұмыс жасаймыз.

Талай жылдан бері жол азабын көріп келе жатқан тұрғындар бұл күрмеулі мәселенің тез шешілгенін қалайды. Әйтпесе көктем келсе, көшеге шығудан қаламыз,– деп қамығып отыр. Электр энергиясының құнын төмендету мәселесі де көптен бері айтылып келеді. Ал оның қашан шешілетіні әлі белгісіз.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин