Қазақтілді контентке сұраныс артты

Елде қазақтілді контентке сұраныс артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны мамандар да растап отыр. Мәселен youtobe желісінде Қазақстандық аудитория арасында ең көп қаралым жинайтын бейнероликтер қазақ тілінде екен.

Самсон Безмятежный, Genesis Youtube Central Asia-ның директоры:

– Youtobe-тің статистикасы бойынша 13 миллион қазақстандық бір айда 1 миллиардтан аса бейнеролик көреді. Олардың басым бөлігі жергілікті авторлардың туындылары. 600 миллион қазақстандық бейнероликтің 60% қазақ тілінде. Шын айтсам, бұл қуантарлық көрсеткіш.

Әлеуметтік желіден бөлек, кино саласында да қазақ тілді контентке сұраныс артты. Бірақ сұранысқа ұсыныс сай емес. Мемлекет қаржы бөліп отандық киноиндустриясына барынша қолдау көрсетуі тиіс дейді көзі қарақты көрермен.

– Қазақша мультиктер аз. Өте аз. Сапалы мультиктер болса жақсы болар еді. Орысша көреді. Ноутбук, телефоннан қосып берсең де бірден Настя, Никита дегендерді көреді. Көп балалар соларды көреді.

– Өкінішке қарай, қазір балалар тек орысша немесе ағылшынша мультфильмдер көреді. Қазақша қосып берсек қызық емес дейді. Сондықтан ойлаймын қызықты, мән мағынасы бар, көңілін аударатын мультфильмдер көп түсіру керек деп.

– Біздің отандық киноиндустрия дамымай жатыр.Сапасы өте төмен. Неге өзіміз сапалы кино түсіріп шығармаймыз? Түркия елін алатын болсақ, олар бес жылдан бері өздерінің тарихы жайында ұлттық нақыштарын, тілін жақсы дәріптеп фильм түсіріп жатыр. Неге біз сапалы, қазақ тілін дәріптеп, жақсы кино түсірмейміз?

Ал сарапшылар, мәселе қаржыда емес екенін қадап айтты. Жыл сайын отандық кино саласын дамыту үшін кем дегенде 5-6 млрд теңге бөлінеді екен. Бірақ ол қаражатты мақсатты пайдалана отырып, қазақ тілінде сапалы фильм түсіретін мамандар әзірге жоқ – дейді Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері.

Бауыржан Шүкенов, кино орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

– Қаржы аз бөлінеді деп айтуға ұят енді. Қазір орысша шыққан фильмдердің бәрін мемлекеттік тілге аударып, дубляж жасап жүрміз. Ал қазақ тілінде сценарий жазатын білікті мамандар тапшы. Ең үлкен мәселе осы болып тұр.

Қазақ тілді контенттің тапшылығы өскелең ұрпақтың тілінің тазалығына әсерін тигізіп отырғаны өз алдына үлкен мәселе. Қатпаған сананы «қара экранның» қалыптастырып жатқан жайы бар. Шетелдік мультфильмдерді қазақша сөйлеткен дубляж актері Айгүл Иманбаева осылай дейді.

Айгүл Иманбаева, дубляж актері:

– Біз ұрпақ тәрбиелейміз десек, әлемдік деңгейдегі сұранысқа ие кино, мультфильмдерді қазақ тілінде қазақ баласына ұсыну керек. Ел боламын десең, бесігіңді түзе. Қанша мультфильмдерді дыбыстайын, дыбыстамайын өзім барып көремін премьераларын. Қаншама ата-ана балаларын ертіп келеді. Қазақ тілін білмейтін қанша бала келеді, білсе де, шала білетін келеді. Ал шыққан кезде қызығып, сол мультфильмдегі приколдарын айтып, қызық қызық оқиғаларын айтып, ойнап келе жатады. Міне, тәрбие осыдан басталады. Балаға күнде мақал-мәтел айтып отыратын заман емес.

Бүгінде Мәжілісте қазақ тілін дамытуға бағытталған заң жобасы қарастырылып жатыр. Оның нормаларына сәйкес, сапалы әрі қызықты фильмдер қазақтілді қауымға ұсынылуы тиіс.Жауаптылар жоба іске асырылса, көп шара атқарылады деп сендіріп отыр.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Асхат Серікұлы