loader


Ақтауда көпқабатты үйге газ кіргізілмеген

Ақтауда 150-ден астам отбасы екі жылдан бері газсыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

17 шағын аудандағы «Бақыт мекені» тұрғын-үй кешенінің тұрғындары құрылыс мекемесінің талапты орындамағанын айтады. Яғни келісімшартта көрсетілгендей, пәтер көгілдір отынға қосылмаған. Соның салдарынан олар электр пешін пайдалануға мәжбүр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз анықтап көрді. Зейнеткер Гүлнаризада Нұрғалиева жаңа пәтеріне 2 жыл бұрын қоныстанған. Содан бері күнделікті тұрмыстық қажеттілікке электр пешін пайдаланады. Оны да бірнеше рет ауыстырған. Жүктемені көтере алмай бұзылып қала беретінін айтады. Ал еселеп қолданылған жарықтың ақысы ай соңында қалтаға да салмақ салады.

Гүлнаризада Нұрғалиева, қала тұрғыны:

– Мына токқа кемінде 15 мың шығады, кейбір көршілерде 20 мың шығады. Үйді алған кезде газ болады деді. Болмауы мүмкін емес деген әңгіме болған жоқ, сондықтан біз ремонтымыздың бәрін соған сәйкестендіріп жасадық, шкафтың бәрін бүлдіріп, труба өткізіп қойдық. Столичница ауыстыруға тура келеді, соның бәрі шығын. Мысалы, мен зейнеткермін, балам жаңадан жұмысқа жүріп жүр, келін баламен үйде, артық ақшамыз жоқ, 20 жылда алып тұрған үйіміз екен.

Тұрғын үйдегі 150-ден астам отбасыға газ берілмейтіні күтпеген жаңалық болған. Себебі құрылыс мекемесі осыған дейін келісімшарт бойынша көгілдір отын болады деп келген. Алайда жақында ғана компанияға барған тұрғындарды үй 11 қабатты болғандықтан, көгілдір отын болмайды деп қайтарған.

Фарида Азанова, қала тұрғыны:

– Базардың плитасын алғасын токты көп алады, безопасный деп айта алмаймыз. Қонақ шақыру жағынан және өз қалтамыздан токтың ақшасын төлеген кезде басқа шағынаудандардан қарағанда 3 есе көп шығады. 

Зива Элевсинова, қала тұрғыны:

– Жоба бойынша 1-қабат коммерциялық, 10 қабат тұрғындарға арналған. Мына жерде 11 қабат та тұрғын үй құрамына кіріп ғой. Бұлардың кінәсі сол алдап әуелден, паркингтің орнын коммерциялық жасады, 1 қабаттағы коммерциялық дегенді пәтер қылып, тұрғын үй қорына өткізіп жіберді. Газ 11 қабатқа болмайды дегенді білген жоқпын, газ болғаннан кейін осы өзім ақша салдым. Газ болмайтынын білгенде басқа үйлер көп еді.

Тұрғындардың шағымы бойынша газ тасымалдаушы мекеме өкілдеріне хабарластық.

Елдос Ізбенов, «Қазтрансгазаймақ» АҚ МӨФ бөлім басшысы:

– Құрылысшы компаниядан арыз түскенде 10 қабатты үй болады делінді. Бізге 10 қабатты үйге 2019 жылы техникалық шарттылықтар берілді, экспертизаның оң қортындысы бар, 10 қабатты үй салынады деген. Не себепті 11 қабатты үй салынғанын білмейміз. Қазіргі заңнамаларға сәйкес 11 қабаттан жоғары үйлерге газ қоюға болмайды деп жазылған.

Осыған байланысты құрылыс мекемесі заңнамаға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс дайындағандарын жеткізді. Себебі бұл мұндай мәселемен бетпе-бет келіп отырған Ақтаудағы жалғыз үй емес.

Бақыт Меңдібаев, құрылыс мекемесінің өкілі:

– Қала бойынша жалғыз бізде ғана емес, мұндай кемшіліктер болып жатқаны. Бірнеше тұрғын үй кешендері бар, газды шектеуге байланысты мүмкіндік болмай жатыр. Құрылысшылар атынан құзырлы мекемеге ескертпе ретінде  сұрайтынымыз, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін осы шектеуге қатысты қосымша қарастыру, шектеу 11 қабатқа болмайтын болса, сол 10 қабатқа дейінгі қосып беруді қарастыруды сұраймыз.

Енді тұрғындар өз беттерінше әрекет етуге көшкен. Құрылыс мекемесін сотқа бермек. Егер одан нәтиже болмаса, басқа да құзырлы органдарға шағымдануға әзір.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев

Сондай-ақ...