Балықтарға қауіп төніп тұр

Балыққа да ауа қажет. Дәл осы мезгілде қалыңдаған мұздан ауа жетпей судағы тіршілік иесінің өмір сүруі қиындай түседі. Мұның алдын алу үшін арнайы құтқару жұмыстары жүргізіледі. Балық шаруашылығы инспекторлары өңірдегі өзен-көлдерді аралап, арнайы шара қолдана бастады.

Мамандардың айтуынша, қыста балық қырылып қалмас үшін мұз астындағы су деңгейі 2 метр болуы шарт. Ал мұндағы көлдер таяз. Сондықтан арнайы қондырғылар арқылы мұзды жару немесе жел арқылы ауа жіберу тәсілдері қолданылады.

Жалпы Ақмола облысында ұзын ырғасы 560-тан астам көлде балық бар. Оның 414-і табиғат пайдаланушыларына тиесілі. 147 көл резервте тұр.

Мұрат Шалабай, облыстық балық инспекциясының бөлім басшысы:

– Қыстыгүні мұз 70-80 см болады ғой. Сол кезде су астындағы қамыс шіріп, одан көмір қышқыл газ тарайды. Ол балыққа өте қауіпті. Сол үшін мұзды ашу керек. Қаңтар-ақпан айында балыққа қауіп туады. Балыққа су астындағы ауа аз болғасын қысыла бастайды. Оны құтқарып қалу үшін жергілікті табиғат пайдалану үшін түрлі шаралар қолданады.