Сарапшы: Банкрот болу қарыздан құтылу деген сөз емес

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын» әлі де жетілдіру керек. Әсіресе, «банкрот» деп танылған адамның шетелге шығуын шектеу мен жалғыз үйін тартып алу көңілге қонбайды. Алайда азаматтар банкроттықты несие төлеуден біржола құтылу деп түсінбеуі керек. Сарапшылар бұл заң ең соңғы мүмкіндік ретінде қолданылуы қажет, - дейді. Ал экономист Сапарбай Жобаев банкрот болған жеке тұлғаны мәжбүрлеп жұмыс істету керек деген пікірде.

Мамандардың мәліметінше, банкротқа ұшыраған адам 5 жыл бойы несие ала алмайды. Үш жылға дейін шетелге де қыдыра алмайды. Бірақ сыртта білім аламын немесе еңбек етемін десе, жеңілдік жасалуы мүмкін.

Сапарбай Жобаев, экономист:

– Егер оның денсаулығы, мүмкіндігі болса, банкроттық шешім кезінде қаржылық басқарушылар мәжбүрлі жұмыс істету керек. Егер де оның біліктілігі жоқ болса, мүмкін қызықпайтын болса, істегісі келмесе, оларды жұмыстарға жұмылдыру мәселесін қарастыру керек деп ойлаймын.