Қырда қар азайып, ойда диқан уайымға батты

Астықты аймақ Солтүстік Қазақстан облысында биыл қар жылдағы мөлшерден аз түсті. Бұл жер емген диқандар үшін қиынға соғуы мүмкін. Олар қуаңшылық болып, егін бітік шықпай қала ма деп алаңдайды. Тіпті, боран болмаған соң, кейбір шаруалар қар тоқтату жұмыстарын да жүргізбеген. 

Солтүстік Қазақстан облысында биыл қыс жұмсақ болды. Қар жылдағыдан аз жауды. Бұл жер емген диқандар қауымын алаңдатып отыр. Себебі мұның салдары ертең құрғақшылыққа әкеліп соғуы мүмкін.

Александр Пушкин, шаруа:

– Кей алқаптарда қар тоқтату жұмыстарын жүргізгенде жоқпыз. Себебі айтарлықтай боран болған жоқ. Ал бұл шаруаға артық шығынды қажет етеді. Күзде де жауын аз жауды. Қазір тек орман маңындағы алқаптарда жағдай жаман емес. Енді тек наурыз-сәуір айларынан күтеріміз көп.

Қыстық қары– жердің нәрі»,– дейді ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Сондықтан диқандар жылда қар тоқтату жұмыстарын жүргізіп, алқапты қолдан ылғалдандырады. Бірақ, биыл шаруалардың көбі бұл жұмысты уақытылы атқармады. Қазір топырақтағы ылғал қоры тым аз. Ал кей жерлерде ақ ұлпа алқап бетін де жаппаған.

Бұрындары бұл егістік алқабында опа қар болатын. Тіпті, аяқ алып жүру мүмкін болмайтын еді. Ал қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар, топырақ бетіне шығып жатыр.

Қаңтар айында қар тоқтату жұмысы жүргізілген алқаптарда ақ ұлпаның биіктігі небәрі 15-20 см ғана.

Азамат Сағандықов, агроном:

– Бұл өте қиын жағдай. Күзде күн ашық болды, жауын болған жоқ. Сондықтан жерде ылғалдылық аз. Бар үміт осы қыста болған. Қар жауады, ол көктемде ериді, егіс науқанына ылғал жетеді ғой деген. Бұл қыс оданда жаман болды. НКөңіл-қошымыз жоқ. Енді көктемде қалай болатынын білмейміз.

Ал синоптиктердің айтуынша қардың аздығынан кей аудандарда жердің тоңы -1,5 метрге дейін қатып қалған.

Қымбат Мерғалиева, «Қазгидромет» РММ СҚОФ директоры:

– Өңірдің оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігінде қар тым аз жауды. Әсіресе, Ақжар ауданында жағдай мәз емес. Ақпан айында орта есеппен облыста ақ ұлпа тек 10 миллиметрге ғана түсті. Ал былтыр ол 45 миллиметрге жеткен еді. Әрине, бұл ауыл шаруышылығы мамандары үшін қиын. Дегенмен наурызда борандар болады деген болжам бар.

Сәтін салса, өңірде биыл 4,3 миллион гектар алқапқа ырыс дәні себіледі.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов