Өскеменде заңсыз құрылыс жұмысы тұрғындар наразылығын тудырды

Өскеменде жұмыс жүріп жатқан құрылыс алаңы көрші орналасқан үй тұрғындарының наразылығын тудырды. Ауыр техникалардың дыбысынан әбден мезі болған олар нысан заңсыз салынып жатыр дейді. Себебі ешкім пәтер иелерімен кездесіп, келісімін алмаған. Ал әкімдік өкілдері дау туғызған орында құрылыс жүргізуге ешқандай рұқсат берілмегенін айтады. Сонда ол жерде не салынбақ? 

Құрылыс жұмыстарының қызу жүргізілуі жақын орналасқан үй тұрғындарының ашуын туғызып отыр. Үйден бірнеше метр қашықтықта жер терең етіп қазылған. Ал, нақты не салынып жатқаны жөнінде жазылған мәлімет жоқ. Қаланың қақ ортасында қолға алынған істі пәтер иелері жұмыс басталғанда бір-ақ біліпті. Оған дейін алдын-ала қоғамдық тыңдау секілді ешқандай шара өтпеген. Нысан күзетшісінің білетіні де аз болып шықты.

Құрылыс жұмысына қатысты тұрғындар әкімдікке де талай барып, хат та жазып қалдырған. Алайда ондағылар бұл шағын ауданда тұрғын үй құрылысы үшін ешқандай рұқсат берілмегенін айтып жауап қатыпты.

Ресми жауап көңілдерінен шықпаған тұрғындар кейін бастамашыл топ құрып, жағдайды анықтауға тырысады. Белгілі болғандай, үйге жақын жатқан аумақтың бір бөлігі құрылыс компаниясына тиесілі болған. Алайда ол тәркіленіп, басқаның құзырына өткен.

Айжан Абиканова, қала тұрғыны:

– Біздің үйге қарасты жерді жеке сот орындаушысы құрылыс-фирмасына берген. Мүмкін электронды сауда арқылы өткен шығар. Біздің білгеніміз осы.

Ал тиісті басқарма қызметкерлерінің айтуынша, құрылыс алаңындағы жер көп қабатты үй тұрғызу үшін қазылған. Бірақ істі бастағандардың қолында жобаға қатысты қажетті құжаттар жоқ. Сондықтан кәсіпкерлерге айыппұл арқалауға тура келеді.

Талғат Ахметов, облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары:

– Аталған жер теліміне қатысты ешқандай мәлімет алған жоқпыз. Жеке тұлғаға 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Егер бір аптаның ішінде төлесе онда оның жартысын өтеуге болады.

Осылайша, құрылыс компаниясына 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін айыппұл көзделген. Ал қажетті жобалық құжаттарын дайындаса онда дау туғызғандар істі жалғастыруы мүмкін екен.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин