Елімізде 12 мың адам бостандыққа шығады

Бұған дейін істі болған 5 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалды. Амнистияға алғаш болып іліккендер былтыр желтоқсан айында бостандыққа шықты. Жалпы бүгін елде 35 мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егемендік алғалы елімізде сотталғандарға рақымшылық осымен 9 рет жасалып отыр. Ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыс жасаған адамдарға қолданылады. Заңға қол қойылған күннен бастап бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі 945 қылмыскер босап шықты. Тағы мыңнан астамына жазаның өтелмеген мерзімдерін қысқартты.

Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың бірі – елорда тұрғыны Бауыржан. Ол абайсызда адам өлтіріп, сот шешімімен 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда бұл мерзімнің аяқталуына 6 ай қалғанда амнистиямен босап шықты.

Бауыржан, қала тұрғыны:

– Жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен екі жүргіншіні байқамай қағып кеттім. Күн қараңғы, тайғақ болды. Тоқтап үлгермедім. Арада бір жарым ай өтіп, олардың біреуі ауруханада қайтыс болған. Қазір пробация қызметіне тоқсан сайын келіп белгіленіп кетемін. 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылдым.

Қазіргі таңда елімізде 80 түзеу мекемесі жұмыс істейді. Онда 35 мың­ға жуық қылмыскер жазасын өтеп жатыр.Олардың 12 мыңы жыл соңына дейін рақымшылыққа ілігіп, абақтыдан шығады.

Қайрат Асыл, ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бөлім бастығы:

– Қазіргі уақытта соттарға осы рақымшылық заңын қолдану үшін бас бостандығынан айыру орындарынан 2 мың 300 материал жіберілді. Ал пробаця қызметінде есепте тұрған азаматтарға қатысты 9,5 мың материал жіберілді.Осы амнистияның ерекшелігі сот үкімі шыққан бойда босатылады. Бұл рақымшылық заңы тек қана сотталғандарға ғана емес, тергеу қамауындағы адамдарға да қолданылады.

Осыған дейін сотталғандарға рақымшылық 2016 жылы жасалған. Ол кезде амнистияға 5 мың адам ілігіп, мыңнан астамы бостандыққа шықты. Алайда олардың тең жартысы қайта қылмыс жасап түрмеге қамалды.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Артур Горшняков, Асхат Серікұлы