Депутаттар зардап шеккен кәсіпкерлермен кездесті

Алматыда жұмыс сапарымен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаттары кәсіпкерлермен кездесіп, қаңтар оқиғасынан кейін бизнестеріне келген шығын көлемі туралы білді, хабарлайды «Хабар 24».

Қаңтар айында қалада болған жаппай тәртіпсіздік кезінде көптеген кәсіпкерлік нысандар қиратылған еді. Мәселен, Райымбек батыр даңғылы бойында орналасқан мына техникалық жөндеу орталығы мен жанармай бекеті тоналып, 9 көлік өртенген. Сол оқиғадан кейін кәсіпкер Владимир Васильев қала әкімдігі мен полицияға хабарласқан. Өтемақы алу үшін арнайы сот сараптамасын тағайындауды сұраған. Кәсіпкердің айтуынша, шығын көлемі 100 млн теңгеден асады. Бұған қоса, техникалық жөндеу орталығының аумағынан сауда орындарын жалға алып, кәсіп істеушілер де болған. Олардың жағдайымен танысқан депутаттар жергілікті әкімдіктен тиісті көмек көрсетілетіндігін айтты.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазіргі күні нақты мүлкі өртенген, субарендада отырған кәсіпкерлердің шығындарын төлеу туралы шешім қабылданыпты комиссияда. Оларға ақырындап ақша түсе бастайды. Олар бизнесін бастауға мүмкіндік алады. Бірақ енді мына ғимарат ішіндегі конструкциялар өртеніп, балқығаннан кейін бұның көбісін жойып, қайтадан құру керек болады. Бұл әрине уақытты талап етеді.