Әлем чемпионы сотталғандармен кездесті

Аралас жекпе-жек шебері Ильдар Құдайбергенов аса қатаң режимдегі түзеу мекемесінде болып, сотталғандармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордадағы қылмыстық атқару жүйесі осындай бастаманы қолға алды. Сол арқылы темір тордың арғы жағындағы түсіндірме жұмыстарын жандандырып, жазасын өтеушілерді ынталандыра түспек.

Ильдарды жекпе-жек жанкүйерлері жақсы таниды. Қазір ол панкратоиннан әлем үздігі. NFS тұжырымы бойынша чемпиондық белдіктің иегері. Ал оның алдында бас бостандығынан айырылып, 7 жылын тар қапаста өткізген. Соған қарамастан, Ильдар өткенге мойымай, өз-өзін қайраумен болды. Соның арқасында биік белестерді бағындырды. Енді осы өмірлік тәжірибесін тағдырлас жандармен бөлісті.

Ильдар Құдайбергенов, NFS тұжырымы бойынша әлем чемпионы:

Ой болған сондай. Бірінші бойдан кейін ұтқан кезде барып, кішкене мотивациялық сөз айтып, балаларды қолдау жөнінде ой болған. Арада уақыт өтіп, басшылықтармен сөйлесіп, рұқсат алып, сонымен келдік. Тақырып сол осы жерден шығып, қайтып келмеуге мысалы. Сосын өмірлік құндылықтар, ата-ана, отбасы.

Негізі түзеу мекемелерінде түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады. Осы мақсатта еліміз бойынша жүздеген теолог пен психолог маман жұмыс істейді. Бұған қоса, қазір әр түрменің ішінен арнайы штат ашылып, осы бағыттағы жұмысқа ерекше мән беріліп жатыр.

Жандәулет Сүлейменов, Нұр-Сұлтан қаласы діндерді зерттеу орталығы директорының орынбасары:

– Бұл жердегі негізгі мақсат сотталушылар арасында зайырлы құндылықтарды түсіндіру, одан кейін дінге қатысты құқықтарды түсіндіру, одан кецйін теологиялық түсіндірме. Яғни тереңдетілген діни мәселелерде, әсіресе, терористік актілердің жасалуына себеп болатын консперациялық ақпараттар бар. Осылардың аражігін ашып, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Уәкілетті органдар мен арнайы мамандардың бірлескен жұмысы арқасында кейбір сотталушылардың көзқарасы өзгеріп, өмірге деген құштарлығы артқан. Енді алдағы уақытта осы қарқыннан таймай, жұмыстың ауқымы мен аясын кеңейте түсу керек –дейді мекеме басшысы.

Нұрлан Беков, ЕЦ-166/5 түзеу мекемесінің бастығы:

– Біз әртүрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Оның ішінде лекция оқу,  жекелей сөйлесу және диалог орнату сияқтылар бар. Өйткені сотталғандар қоғамда болып жатқан өзгерістен хабардар болуы қажет. Әсіресе бостандыққа шыққан кезде басқа адамдардан қалыспай, қалыпты өмірге ілесуіне негіз болуға тырысамыз. 

Елордадағы қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 4 бірдей түзеу мекемесі бар. Басы-қасындағы мамандар сотталушылар мен полиция арасындағы алшақтықты қысқартып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандырмақ.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ырыстанбек Оспанов