Алакөлге демалушыларды жаңарған вагондар тасымалдайды

Жаңа демалыс маусымында Алакөл көліне жақсартылған пойыз вагондары қатынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көпшілік  жиі айтатын «вагондарда кондиционер жоқ, іші ыстық, суы жоқ, вагондар тозып кеткен» дейтін шағымдарды ескеріп, әкімдік теміржолмен тиісті келісім жасасып жатыр. Бұл туралы Талдықорғандағы Журналистер үйінде өткен брифинг кезінде Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев айтты. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Талдықорғаннан Балқаш көліне дейінгі жолдың құрылысына биыл қосымша қаржы бөлу қарастырылып жатыр, жұмыстар жалғасады. Талдықорған – Өскемен республикалық жолының Алакөлге дейінгі учаскесінің құрылысы тиісті жұмыс кестесіне сәйкес аяқталады. «Біз қазір «Қазақстантеміржолы» АҚ басшылығымен жаңа маусымда Алакөлге жақсы вагондар жүргізу туралы сөйлесіп жатырмыз. Бір-екі аптада бұған қатысты екі жақты тиісті құжатқа қол қоямыз. Балқаш көлі жағалауында да туристік аймақ болады. Тиісті жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып алынған. Тек алдымен осы демалыс аймағына қонақ үй және басқа да туристік нысандар салғысы келетін инвесторларды анықтап алуымыз керек», – деді Қанат Бозымбаев. Сондай-ақ ол инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын бастайтынын, құрылыс жұмыстарының техника-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттары дайын екенін айтты.