Белгілі журналист М.Барманқұловтың мерейтойына арналған конференция өтті

Биыл белгілі журналист, көрнекті ғалым Марат Барманқұловтың туғанына 85 жыл. Мерейтойға орай өзі еңбек еткен Әл-Фараби атындағы университетте халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Журналистика баршаға: медиа және технологияның жаңа буыны» атты басқосуда отандық және әлемдік журналистикасының заманауи дамуы сөз болды.

Марат Барманқұлов еліміздегі журналистика ғылыми мектебінің негізін қалаған, ұлттық телерадио хабарларын таратуға елеулі үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиелеген ғалым. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде 35 жылдан астам уақыт қызмет етті. Конференцияға қатысушылар Барманқұловтың зерттеу-мұралары бүгінгі заманда да өзекті екенін атап өтті.

Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Марат ағамыз «Возможности космического телевидения» деген еңбек жазды. Яғни мына дүниеге қарасаңыз барлығы ақпарат, информация бізге төгіліп тұрған. Космостан келеді деген тұжырым жасады. Міне қарап отырсаңыз, сол кісінің тұжырымы расталып отыр қазір. Ғаламдастыру заманы. Бірақ Мәкең ғаламдастырудың батыстық жетегінде еріп кеткен жоқ. Ол ұлттық тәжірбиеге көп көңіл бөлді.

Журналистикаға жан-тәнімен берілген Марат Барманқұлов бұқаралық коммуникация, мәдениеттану және түркітану бойынша көптеген кітаптардың авторы. «Жалпыға арналған журналистика», «Телевидение мен радиодағы репортаж», «Телевизия: Бизнес әлде билік?» атты кітаптары қазақ тіліне аударылды. Оның әр кітабында қоғамның күрделі мәселелері жазылды. Сондай-ақ ол түркі әлемін жіті тануға талпынды. Бұл бағытта көп жыл ізденіп, «Түркі дүниесі», «Алтын баба» деп аталатын тарихи-танымдық еңбектерін жарыққа шығарды.

Сансызбай Мәдиев, журналистика факультетінің деканы:

- Бізде Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев осы қатарда тұратын үлкен ұлы ұстаздардың бірі Марат Кәрібайұлы Барманқұлов. Бүгін бұл кісінің 85 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Біріншіден, кейінгі ұрпақ үшін, бүгінгі жастар үшін, студенттер үшін үлгі-өнеге боларлық дүние.

Журналистика факультетінде Марат Барманқұлов атындағы арнайы аудитория бар. Оның кітаптары студенттердің оқу бағдарламасына енгізілген. Бұл конференцияға Марат Кәрібайұлының ұл-қыздары қатысты. Қызы Алуа әке жолын жалғастырған журналист. Алдағы уақытта ғалымның жақындары мен әріптестері оның мұрасын жинақтап, көп томдық кітап етіп шығаруды көздейді.

Алмас Садуақас, Эдуард Кон

Сондай-ақ...