Е.Қарин «Ахмет Байтұрсынұлы Алаштың рухани көсемі» халықаралық конференциясына қатысты

Нұр-Сұлтан қаласында ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеу басталды. Салтанатты ашылу рәсімі «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт қайраткеріне құрмет көрсетуден бастау алды. Іс-шара Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында «Ахмет Байтұрсынұлы Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасын тапты. Жиында ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросының басшысы Криста Пиккат Ұлт көсемін әлемдік деңгейдегі тұлға ретінде атап өтті.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

– Біз Алаш қайраткерлерінің дара жолынан өнеге алып ғана қоймай, оны әрдайым басты бағдар етіп ұстанамыз. Өйткені Ахаң сияқты жасампаз тұлғалардың еңбегі тәуелсіздік құндылықтарымен тікелей астасып жатыр. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» демейтін бе еді Ахаңның өзі. Біз сол Ахаң дәл жеткізіп айтқан ертеңде өмір сүріп жатқан және оны болашаққа жалғайтын ұрпақпыз.

Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған жерінде инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Ұлт ұстазының мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференцияда мәлімдеді. Оның айтуынша, Қостанай облысының әкімшілігімен келісілген бастамалар биыл іске қосылады. Сонымен қатар 150 жылдыққа арналған іс-шаралар Париж бен Ыстамбұлда жалғасын табады. Айта кетерлігі, Қазақ ғылымының негізін қалаушысының мерейтойы ЮНЕСКО-ның 41-Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерекелер тізіміне енді.