Түркістан облысында екі ауылдың халқы бір түнде жайылымынан айырылды

Түркістан облысында екі ауылдың халқы бір түнде жайылымнан айрылып қалды. Жерді екі техника қопсытып тастапты. Енді тіршілігі ауыл шаруашылығына байланған халық ашынып отыр.

Мал жаятын жер таппай қиналған ауыл тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі? Еске салайық, жақында ғана ел Президенті бос жатқан жайылымдық жерді халыққа қайтаруды тапсырған еді.

Малды өріске айдап шыққан Төле би ауданына қарасты қос ауылдың азаматтары қара жерді қопсытып жатқан техниканы көрген. Бастапқыда абдырап қалған тұрғындар жер жырту жұмыстарын тоқтатқан. Содан бері күні мал шаруашылығына қараған халықтың жайылымдық жерге қатысты дауы қайта басталды. 

Әлібек Әбдімомынов, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- 15-20 жыл болды осы жердің дауы басталғанына. Былтыр әкімдер келді. Жер тауып береміз. Мынау жайылымға қалсын, деді. Сөйтіп, 1 жыл жайылымға қалды. Бостандық болғанымен ауа райы болмай қалды. Ал биыл енді тағы мынандай боп тұр. Біз қайда барамыз? Малды сатқаннан басқа амалымыз жоқ.

Жұртқа жұбаныш болған уәденің күші бір жылдық болып шықты. Әу баста 187 гектар жерді өз иелігіне рәсімдеп алған шаруашылық бір жылдық демалыстан соң өз жұмысын қайта бастаған. Мұндағылар егістікке арналған 27 гектар жерді жыртып, дәнді дақыл өнімдерін егуге дайындап жатқанын айтады.

- Біз мемлекеттің налогын құямыз. Былтыр егілген жоқ. Биыл 2 ай сабыр сақтап шыдасаңыздар, біз қарауыл қойып, мал кіргізбей тұрамыз. Орып алып болғасын сөйтіп, малдарыңызды жая беріңіздер, апа.

Жерді мақсатты игере алмайтын шаруашылықтың ісі тоқтатылсын деген халықтың базынасы жеке бастың қамы емес. Себебі Қаратөбе-1, Қаратөбе-2 ауылының өзінде 400-ден аса қара мал, 100-ден көп жылқы бар екен. 300-ден аса уақ малға да жем-шөпті жеткізу соңғы уақытта мұңға айналған.

Сейдәз Әміреқұлұлы, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Мақсары егіп, бір де мақсары алған жоқ. Одан бұрын бидай екті. Бидайын да орып ала алмады. Ауылдың малы түседі. Жеп кетеді. Анау басынан түсіп, мына басынан шығып кетеді. Жайылатын жер жоқ себебі. Ал оны апарып қамаймын, штраф төлетемін десе біз де елміз бірталай.

Жолдыбай Құрманбаев, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Әзір малды үйде ұстаймыз, шығарамыз. Қазір мынау егістік шыққанша сәл жеңілдеу. Одан кейін қиындап кетеді жағдай. Күнде ұрыс-талас. Ұрыс-талас болып қашанғы жүреміз. Осыдан басқа жер жоқ қой бізде мал жайылатын. Ауылдың іргесі.

Жұрттың жанайқайын тыңдауға Төле би ауданының әкімдігінен жауаптылар арнайы келді. Аудан бойынша жайылымдық жердің жетіспеушілігі барын мойындап, халықты сабыр сақтауға шақырды. 

Қосбай Қожанов, Төле би аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- 27 га егістік жерін бұл кісінің жаңағы жер иесі егін егіп, пайдалануға құқығы бар. Ал бірақ жайылымдық жерлерін біз қазір осы халықтың ортақ пайдаланысына қайтару бойынша жұмыстар жүргіземіз.

Мамандар енді кәсіпкердің әр гектар жерін қалай пайдаланып отырғанын тексермек. Әзірге жиылған жұрт егістікке тиіспей, қалған 160 гектар жерді жайылым ретінде пайдалану туралы келісімге келді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов