Түрікменстаннан 257 қандасымыз көшіп келді

Маңғыстау облысына көршілес түркімен елінен 257 қандасымыз қоныс аударды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 109-ы бала. Бұл атажұртқа бет түзеген көштің 4-легі. 71 отбасы мінген жолаушылар пойызы кеше Жаңаөзен теміржол станциясына жетті. Енді 68 отбасы Ақтау мен Жаңаөзенде тұрады. Қалғаны Нұр-Сұлтан және Алматыға қоныстанады. Қазір олардың азаматтық алуға қатысты құжаттарын рәсімдеуі басталды.

Айта кетейік, 1991 жылы Үкімет шетелден этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру жөнінде шешім қабылдады. Содан бері ұлы көш тоқтаған жоқ. 30 жылда 1 млн 87 мың 700 адам Отанымызға оралса, соның 100 мыңнан астамы Маңғыстауға табан тіреген.

Оспан Меликов, Түрікменстаннан оралған ағайын:

– 3 күн болды шыққанымызға жолға. Түркіменбашының үстімен келе жатырмыз. Аманбыз. Мен Ақтау қаласы Батыр ауылына келіп жатырмын. Ол жақта үлкен шалдарымыз 32 жылдан бері келе жатқан. Арғы ата-бабаларымыз бұрынғы уақытта көшіп кеткен.