Жауынгерлік анттың жауапкершілігі зор

Ақтөбелік әскери қызметкер Рысқали Еңсепбаев 5 адамды өрттен құтқарып қалды. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кез келген сарбаз қай уақта да көмекке дайын болуы керек. Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен азамат туралы тілшіміздің материалын ұсынамыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кезекті жұмыс күнінен кейін үйіне бет алған Рысқали Еңсепбаев екі қабатты үйден қара қою түтіннің будақтағанын байқайды. Өртеніп жатқан пәтерге ойланбастан кіріп, егде жастағы екі адамды алып шыққан. Тілсіз жау  өрши бастағасын екінші қабатта тұратын бір әйел мен оның екі баласын терезе арқылы шығарған.

Рысқали Еңсепбаев, 66/55 ӘБ кадр бөлімінің аға маманы:

– Басты құндылығымыз – адамның өмірі. Өмірін арашалап алып қалу қолдан келгенше. Ол жерде әскери міндет те бар, өзімнің азаматтық міндетім де бар. Ол жерде ойланып қарап, оны бағдарлап тұратын уақыт та болған жоқ.

Антына адалдық танытып, көпшілікті сүйсіндірген сарбаз Ұлан Мырзабай да 66-55 әскери бөлімнен.

Қаңтардағы қақтығыста жас офицермен бірге қатардағы жауынгерлер де табандылық танытты. Василий Ларичев басынан ауыр жарақат алғанына қарамастан, бүлікші топты тәртіпке шақырған.

Василий Ларичев, 66/55 әскери бөлімінің жауынгері:

– Бізге қарай тас атып, түрлі заттар лақтыра бастады. Қою түтін мен газдан көз ашу мүмкін болмай кетті. Дегенмен орнымыздан тапжылмадық. Сол кезде басыма белгісіз заттың тигенін сездім. Одан кейінгісі еміс-еміс есімде. Қасымдағы жолдасыммен орын ауыстырғанымды білем.

Жауынгер ерлігі елеусіз қалмады. Басын қатерге тіккен Василий Ларичев Ішкі істер министрлігі атынан «Құқық тәртібін қамтамассыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев