Елордада бірегей операция жасалды 

Қазақстандық дәрігерлер бауыр циррозын емдеу үшін бірегей инвазивті операция жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл тәсіл ТМД бойынша алғаш реті қолданылды. Жалпы бауыр циррозы Орталық Азияда жиі кездеседі. Бұл аурудың асқынуларының бірі – порталдық гипертензия. Ал бұл ішкі құрылысқа қан кетуіне әкелуі мүмкін – дейді мамандар.

Аппасова Ажар 10 жылдан бері бауыр циррозымен күресіп келеді. 59 жастағы қала тұрғыны сырқатына мойыған емес. Дәрігерлердлің кеңесінен кейін ерекше әдіспен операция жасатуға көнген. Сәтті өтіпті. Ал бұл операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалған.

Ажар Аппасова, қала тұрғыны:

– Маған операция кезінде қан құйылды. Гепатит С-дан кейін қан кетіп қалмас үшін жасалатын операция жасатамын. Осы емге келіп жүрмін. Менің бауыр донорым жоқ.

Бұл операцияға инновациялық-интервенциялық материалдар пайдаланылады. Яғни адам ағзасына зиян келмейді. Әрі науқасты толық ұйықтатпай, күретамырға дәрі жіберу арқылы жасалады. Катетер арқылы жамбастың тамырына арнайы спираль жүгіртіледі – дейді дәрігерлер.

Нияз Малаев, интервенциялық онкорадиолог:

 – Бұл жергілікті анестезиямен хирургиялық емес аз инвазивті емдеу процедурасы. Бұл – жаңа әдіс. Ол Еуропада алғаш рет 2012 жылы өткізілді. Қазір бұл әдісті барлық жерде қолданады. Еуропа мен Америкада порталдық гипертензияны емдеу халықаралық ұсыныстарға енді.

Мамандар халықаралық шеберлік сағатына қатысу үшін елордаға ТМД және Еуропадан арнайы келген. Гепатологтар, интервенциялық онкокардиологтар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Ян Харсани, университет госпиталі интервенциялық радиология бөлімінің меңгерушісі:

/Словакия/

– Біз қазақстандық әріптестерімізбен порталдық гипертензиясы бар науқастарға қалай көмектесуге болатынын талқыладық. Негізгі ерекшелігі жаңа әдістемелер. Яғни уақытылы емдеу. Себебі бұл ауру дереу емді қажет етеді. Егер ештеңе жасалмаса, пациенттер өлуі мүмкін. Бауыр циррозының және тиісінше порталдық гипертензияның негізгі себебі ішімдікке әуес болу немесе гепатит.

Енді көп ұзамай, осы жаңа операцияны еліміздің өзге аймақтарында да жасау қолға алынбақшы. Ол үшін елорда хирургтері білім-біліктерімен бөлісіп, мамандарды даярлауға әзір екенін айтады.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Жандос Битабаров, Айдос Қыздарбек