«Жастарымыз мемлекеттік бағдарламалардан бейхабар». Депутат жұмыссыздық туралы

Қызылорда облысында 14-28 жас арлығындағы жан саны 180 мыңға жуықтайды. Соның 10 мыңға тақауы жұмыссыз әрі оқуда да жоқ. Карантиндік шектеудегі екі жылда қол қусырып отырып қалған кіші буын өкілдерінің қатары арта түскен. Жұмыспен қамту орталықтарына тек 3 мыңнан астам жас тіркелген, қалғаны не істеп жүргенінен салалық органдар бейхабар. Өңірлік жастар ресурстық орталығы ауыл-аймақты аралап, есебін енді шығарып жатыр.

Түлектерге университет немесе колледж бітірісімен жұмысқа кірісіп кету қиынға түседі. Себебі ысылмаған шикі өкпе, тәжірибесі жоқ деп жұмыс берушілер жас мамандарды қабылдауға құлықсыз. Сол себепті фельдшер мамандығын меңгеріп жүрген Гүлдана Берікқызы жұмыс іздеуді студент кезінен бастап, жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін қалдырмай келеді екен. Медициналық мекеме мамандарымен сөйлесе келе орта арнаулы біліммен ұзаққа шаппайтынын білді. Енді оқуын жалғастырмақ. 

Гүлдана Берікқызы, студент:

– Күнде практикаға барып жатырмыз. Облыстық медициналық орталық пен қалалық ауруханаға барып жатырмыз. Сол жақта қалуға мүмкіндік бар. Келіңдер деп шақырады. Бірақ мен әрі қарай оқуды жалғастырғым келеді.

Өңірде «Syr Jastary-2025» жол картасының жобасы әзірленген. 5 жылдық бағдарлама аясында университет және колледж бітірушілерінің 75-80%-ін жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бірақ жастарды қолдауға арналған мемлекеттік тетіктер бар екенін ауыл балаларының көбісі біле бермейді.  

Генадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Басты мәселе – профориентация. Елде атқарылып жатқан түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар ғой. Көп жастарымыз, өкінішке қарай, бейхабар. Оның себебі ол ауылдардың шалғайлығы, кейбір ауылдардың жолсыздығы, интернеттің жоқтығы ол бар. Осы басты мәселелерді күн тәртібінде ұстаймыз. 

Асқар Құрмаш, «Облыстық жастар ресурстық орталығы» КММ Директоры:

– Аудандарда да осы форматтағы алаңқайлар ұйымдастырылады. Ауыл көлемінде де мүмкіндіктер алаңын ұйымдастыру жоспарда бар. Жасы 29-дан асып кеткен, 30-40 жастағы азаматтар да келіп жатыр. Оларға да кеңестер береміз. Сонымен қатар көлік жүргізу куәлігін қалай алуға болады? Мемлекет тарапынан цифрландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Соның барлығына біз кешенді кеңес береміз.

40 шақты мекеме жүзден астам жұмыс түрін ұсынған жәрмеңкеге жастар лек-легімен келіп жатты. Көбісінің ауылға барғысы жоқ.

– Ветеринар – өз мамандығым. Жақында оқуды бітіремін. Енді келіп, көрейін деп жатырмын. Жұмыспен қамтыса деп, беретін шығар, әйтеуір, бірдеңе. Аралданмын. Бірақ осы қалада істеуге тырысып жатырмыз, бар болса егер.

– Жұмыс іздегенде қайда барсаң да диплом сұрайды немесе еңбек өтілін сұрайды. Резюме керек дейді. Оны толтыратын кіре-берісте бар екен. Түйіндемені толтырып алдық.

– Бізде колледж ғой, ары қарай университетке түсуді сұрауға келдім. Осы жерде жұмыспен қамту бөлімі бәрінен сұрап шықтым. Әлі дұрыс түсінген жоқпын. Қазір қайтадан сұраймын.

– Жұмыс іздегенде біз дипломмен ауылға бағдарламасымен көрдік. Қай ауылдарға болатынын және қалай ауылға барып жұмыс жасайтынымыз туралы сұрадық. Нақты мәліметтер көңіл толарлықтай алдық. Қазіргі таңда ешқандай қиындық жоқ. Жастарға бүкіл қолдаушылық жасалған. 

Қолында дипломы бар мамандар қызмет таппай жүргенде маргинал және пробация есебіндегі жастарды жұмыспен қамту мүлдем қиын. Сондықтан мемлекеттік орган өкілдері кейінгі толқын әлеуетін бизнеске бағыттаған дұрыс дейді. Оқытып, тоқытып, жастар стартапын қолдау арқылы кәсіпкерлікті жандандырып әрі жұмыспен қамтимыз, дейді шара ұйымдастырушылары.     

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев