Петропавлда «Қалыңдық үйі» деген атпен таныс тарихи ескерткіш қайта қалпына келтірілмек

Петропавлда тарихи ескерткіш, халық арасында «Қалыңдық үйі» деген атпен таныс нысан қайта қалпына келтіріледі. Себебі жылда су астында қалатын орталық бүлініп жатыр. Дегенмен ғимарат 5 жыл бұрын ғана жөнделген еді.  

Бұрын бұл үйде көпес Янгуразовтың отбасы тұрған. Ғимарат ғасырдан астам уақыт бұрын салынған және тарихи ескерткіш болып саналады. Көне нысан бір рет қайта қалпына келтірілді. Дегенмен сапасы сын көтермейді. 

Ғимарат тұрғындар арасында «Қалыңдық үйі» деп аталып кеткен. Көне нысанды сақтап қалу үшін билік оны былтыр мұсылмандар діни басқармасынан 15 миллион теңгеге сатып алған. Екінші қабатта бүгінде тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының қызметкерлері жайғасты. Ал біріншісіне жөндеу жұмыстары қажет. Нысан ойда орналасқан соң жылда көктемде оны су басады. 

Жанат Баймүсенов, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бөлім басшысы:

– Алдын-алу шараларын қарастырып қойдық. Қазір бізде су сору насостары дайын тұр. Бұдан бөлек, қала басшылығына осы маңдағы суағар жүйесін қайта қалпына келтіруді сұрадық. Сәтін салса, Горький көшесінде бұл шаруалар басталады деген жоспар бар. 

Соңғы рет тарихи ғимаратты жаңалауға бюджеттен 60 миллион теңге қаржы жұмсалған еді. Бұл жолға әзір қанша қаражат қажет екені белгісіз.

Рақат Мәмбеталинов, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

–Тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы аталған ғимаратты, жер учаскесін тіркеу рәсімін жүргізіп жатыр. Және наурыз айында бұл жұмыстар толығымен аяқталады. Сол кезде қалпына келтіру жұмыстарына жобалық-сметалық құжатарды әзірлеуге конкурс жарияланады. Кейін жөндеу жұмыстарын кім жүргізетіні және нақты қажетті сомасы белгіленеді. 

Жалпы Петропавл қаласында барлығы 65 тарихи ғимарат бар. Олардың үшеуі шұғыл түрде жөндеуді қажет етеді.

Самат Қайырденұлы, Нұргүл Ахметова, Руслан Алиев